Өлеңдер ✍️
КІМ КІНƏЛІ?
Шілдеде сары адырдан
Дірілдеп ойнар бір сағым.
Сондай-ақ жүрек, жанымнан
Барады өтіп жас шағым.
Жыл сайын көктер ел қайда,
Қурамаса желге ұшып.
Жарым болса сондайда,
Отырар сүйіп, мені құшып.
Талайға қолды сермедім,
Талаптан басқа кінəм жоқ.
Қызыл деп, барып көргенім,
Шыға келген қылаң боп.
Ақылдың, ардың иесі –
Деген жаным – құр қуыс.
Тек адамдық бейнесі –
Сары алтыным болды мыс.
Таптырмады біркелкі
Қыз мінезі қылықты.
Ұсынары құр көркі,
Кейін көңіл суытты.
Жанмен айтқан сөзіңді
Аузыменен тыңдаған.
Құлақ деген сезімді
Бір бұрышқа жинаған.
Махаббатты мас жанның
Мылжыңы – деп санаған.
Күн орнына аспанның
Айын күн деп қараған.
Қайда бір желбуаздың
Қылмыңдаған өсегін,
Сөзіндей-ақ ұстаздың
Тыңдағаны неше күн.
Өзің алдап, жылатып
Көрмесең де ешкімді,
Сол азғындар сорлатып,
Еңбегіңді еш қылды.
Олар үшін сен де бір
Ертекшінің бірісің,
Тақыр жерге өспес гүл, –
Гүлсіз ғұмыр құрысын.
Арымен қылған қызмет,
Ардақты менің достарым,
Тыңдап ал да, тағлым ет,
Болсын ақыл қосқаным.
Жаныңды жайдақ санаса,
Қарама ездің бетіне,
Ғашық бол қайта оңаша
Табиғаттың көркіне.
Тірідей өлік адамнан
Түрленіп тұрған жер артық,
Төсінде гүлдер жаралған
Сағымды сұлу бел артық,
От келіп жанға, бір балқып
Содан лəззат табасың.
Суын ішіп құмартып,
Сіміріп жұпар ауасын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter