Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  147


Автор: Ғафу Қайырбеков

«Қыз-мұнара» – көне Баку мақтаны...

«Қыз-мұнара» – көне Баку мақтаны.
Онсыз оның он айтсаң да жоқ сəні.
Қыз намысы мəңгі биік болсын – деп,
Ол – халықтың қолдан соққан аспаны.
Жеті қат көк – жеті қабат мұнара,
Өз-өзінен теңселеді күн ара.
Апарады жүз елу бес баспалдақ,
Ең басына шық та əлемге бір қара!
Жатыр дүние бəрі де аяқ астында,
Амалы не айналмасқа бас мұнда.
Ығы-жығы адамдардың ұясы –
Бір заманғы «Керуен Сарай» қасында.
Кəрі атырау толқындары зырлауық
Жайындардай жағалауды тұр қауып.
Сұлу Каспий көзін жұмып көкпеңбек,
Басын сүйеп, дем алады бір ауық.
Мұның жайын ғасырлардан сұраңыз,
Мың жылғы өмір мықтап айтқан мың аңыз.
Қызыл бастар қырық соғысып баққанда,
Алдырмаған өзін жауға мына қыз!
Өрмелесе əккі дұшпан антұрған,
Баспалдақты қиып тастап отырған,
Таусылғанда ең ақырғы баспалдақ,
Қайран сұлу көк теңізге атылған.
Жау кеткен соң, қайта шыққан теңізден –
Ел анасы аппақ сүтін емізген.
Ел ғой – мынау батыр қыздың бейнесі, –
«Елді ешқашан құрта алмайсың!» – дегізген.
Мұнараны сонау биік құздағы
Күзетіп тұр əзірбайжан қыздары,
Сол қыздардың ең сұлуы – Гүлханэ,
Оны сүймей бейбақ болған біз-дағы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу