Өлеңдер ✍️
Күміс Каспий үстіменен ай жылжып...
Күміс Каспий үстіменен ай жылжып,
Бұл уақытта ұйыған сүттей түн жым-жырт.
Жаңа Баку демалыста, ұйқыда,
Көне Баку ояу еді көне жұрт.
«Күндіз мұнда адам-толқын ағылған,
Көргенінен көре салып жаңылған,
Біз өзіміз түнде келіп көреміз,
Күмбездерді ай сəулесі шағылған.
Мұнаралар ұйқылы-ояу күйінде
Сөйлер сонда көне түрік тілінде,
Күндіз аузы босамайтын өмірден
Шахтарыңның бар қызығы түнінде.
Кешке қарай алтын тақтан босанып,
Хауздарда көңілінен хош алып,
Гаремдерден шыққан кезде сұлулар,
Мың бұралған дүниеге тамсанып,
Жантаяр шах атлас жастық таянып,
Ұйқтап қалған сайтан сезім оянып,
Балқып сонда бал шараптың буымен,
Шымыр-шымыр от нəпсісі бой алып,
Таңдағаны көп арудан бұл шақта
Жалын болып кірер жылжып құшаққа.
Ең ақырғы естіледі бір күлкі,
Айналады еріген су бұршаққа.
Сыңғыр етіп, басылады кілт үні,
Жоғалтады əлгі нəзік күлкіні,
Естіледі əлдекімнің арманы,
Əлдекімнің көре алмаған күңкілі!» –
Дейді маған əзірбайжан дос-ақын.
Білгіш еді, жігіт еді жосатын.
Ай астында қарай берем тамсанып,
Ештеме жоқ енді бұған қосатын.
Шынында да көне Баку түнде əсем,
Сан қақпаны қаққандайсың мұнда сен.
Сан Құлыптар сылдыр-сылдыр ашылып,
Қанғандайсың не ғажайып сырға сен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter