Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  153


Автор: Ғафу Қайырбеков

Күнінде дүниеден кетер көшіп...

Күнінде дүниеден кетер көшіп,
Қарт Кавказ – өлеңіне əсем бесік,
Ат ерттеп аралады көк шыңдарды,
Бестаудың бес ұлымен есендесіп.
Қарады көзін алмай Эльбрусқа,
Пенденің еткен ісі жөн, дұрыс па –
Үйренген, тазалықпен тұр тəкаппар,
Қашаннан араласпай ол жұмысқа.
Сонда да ол назарын салды алысқа,
Түскендей ойы жұмбақ дағдарысқа,
Қалтырап, қалш еткендей болды бір сəт,
Ұқсаған тарғыл жонды жолбарысқа.
Содан соң бетін бұрды Машук тауға,
Жасынан топырағына ғашық тауға,
Етегін соның кеше белгілеген
Атысқа амалы жоқ асықпауға.
Бесіннен барады күн екінді аттап,
Аспанның қара бұлттар бетін қаптап,
Сіркіреп жаңбыр жауды, қарауытты
Алдынан тұрған тосып секунданттар.
Олардан сəл бұрылып, кері қайтып,
Бекетке тоқтады аттың басын тартып,
Шарапты бір стақан ішті сарқып,
Көбігі тұрған шалқып, танауды атып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу