Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  97


Автор: Ғафу Қайырбеков

Өр Кавказ жарқылдаған көзге сыны..

Өр Кавказ жарқылдаған көзге сыны,
Тербелген қиялының өз бесігі,
Алдынан сағыныштың самалы есіп,
Бұл жолы ғажап еді кездесуі.
Кір, қоқыс дүниеден бөліп алып, –
Төс қағып, кел екеуміз жолығалық! –
Деді де, тік көтерген бойыменен
Шыңдарға отырғызды оны барып.
Сол жерден, тау Машуктың омырауынан
Əдейі ұя жасап қойған бұған,
Ол онша алыс емес Азаттықтың
Серісі – қырандардың ойнағынан.
Төменде шипа бұлақ сылаңдаған,
Төбеде күрең күмбез күн аунаған,
Түстікте, көк мұнардың арасында
Денесі Эльбрустың қылаңдаған.
Қамалда полк жатыр бұлттай түнеп,
Соғысты, жау сағынып, жатпай тілеп,
Жанығып іші пысқан офицерлер
Атысқан қабырғаға тақтай тіреп.
Ал ақын анау құзда өзі үйренген
Дүниені алдына алып, тебіренген.
Кавказдың жан баспаған жартастары
Жатсынбай кеудесіне келіп енген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу