Өлеңдер ✍️
Дариға, сонау күндер бəрі есінде...
Дариға, сонау күндер бəрі есінде...
Қанында, жүйке, тамыр, денесінде.
Сиқырлы бөтен əлем кешіп еді ол,
Кавказдай жер-дүниенің кемесінде.
Миының қалған түгел түкпірінде,
Сезімнің қылдан нəзік жіп-тінінде.
Айрылмай қиялында, түсінде де
Ауасын сол Кавказдың жұтты күнде.
Көлеңдеп көркем күні, ғажап айы,
Ойнаған бұлт ішінде найзағайы,
Андаған талма-түсте алып шыңдар,
Жаңғыртқан сол шыңдарды өз айғайы.
Қыранның таудан ырғып, тік ұшқаны.
Ұйысқан қара орманның жыныстары.
Алыста, арғымақтың жалы үстінде
Черкестің жарқ-жұрқ еткен қылыштары.
Бер жақта асау өзен бұрқыраған,
Жан-жаққа ақ буалдыр бу тараған.
«Өзеннің ту сыртында шешендер тұр», –
Шошынып су ішкендер жалт қараған.
Аспанның қаңғыр-күңгір алаңынан
Сəскеде таңғажайып тарар бір əн.
Шырқаған олар көктің сұлулары,
Хош иіс жел соқтырып балағынан.
О, шіркін, еркін еді əні қандай,
Сəби жан қояр емес қанын алмай,
Азаттық, еркіндіктің құдіретін
Болды ол алғаш рет танығандай.
Баспаған періштелер жер тозаңын,
Сыйлаған бұған ғана тап-таза əнін.
Аспанға, адрессіз сұлуларға
Білді ме кейін мұның хат жазарын?
Білді ме мұның ғана ерте өсіп,
Құдіреттің өзіменен бой теңесіп,
Жердегі пенделерден рухы озып,
Жүрерін көк жүзінде еркелесіп.
Орнатып күн көзіне баспалдақты,
Бір шолып қайту үшін аспан жақты,
Бір жуып қайту үшін наз-өкпесін,
Кезіккен тағдырына тастан қатты...
Есінде, сонау күндер – бəрі есінде,
Қанында, жүйке, тамыр, денесінде.
Ғажайып басқа əлемді кешіп еді ол,
Кавказдай жер-дүниенің кемесінде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter