Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  110


Автор: Ғафу Қайырбеков

Мəңгі шырақ оты маздап...

Мəңгі шырақ оты маздап,
Желмен ойнар сілкініп.
Мен қараймын денем мұздап,
Көзде жасым іркіліп.
Баурым, мынау неткен ғажап,
Қалай тағдыр қосады?!
Əр қаладан бір топ қазақ,
Ылғи мені тосады.
Көздің жасы тұрған жуып,
Мен сүртемін бетімді.
Жатыр ұйықтап Сыбанқұлов,
Ескі таныс секілді.
Қайдан білем десем мұны,
Басына кеп аялдап.
Сен жазыпсың кеше мұны,
Бар тарихын баяндап.
Сенің оның – азаматтық,
Саған алғыс еліңде.
Ол көтерген қазақ атын,
Братислава жерінде.
Құрандай бір өлең оқып,
Күбірлейді ерінім.
Жүрек соғып, кеудем толқып,
Қауышқандай көріндім.
Жаңа ғана қойған шоқ гүл,
Жас өмірдей бал-уыз.
«Кешегі күн «бауырым, – деп, – бұл»,
Келді, – дейді, – балғын қыз».
Қасымдағы словак шалы,
Жүзіме көп қадалып.
Ол жөнімді сұрап жатпады –
Сезді иісімді далалық.
Бір мақтаныш тұр кеудеде,
Болдым қайта берік, сау, –
– Қайран қазақ бұл жерде де,
Соғысып-ақ беріпті-ау!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу