Өлеңдер ✍️
Шынында, Дунай...
Шынында, Дунай,
Бақыттысың сен неткен?
Көрікті мұндай,
Табылмас өзен жер-көктен.
Сандаған шаһар
Сəулесі түскен бетіңе, –
Соларды қатар
Толқының сенің тербеткен.
Суреті сиқыр,
Ғажайып сен бір айнасың, –
Бетіңде жатыр
Ғасырлар түгел жайғасып,
Солардың бəрін
Орайды сенің білегің,
Күндіз бір күнге,
Тастаған түнде айға асып.
Братислава, –
Алып бір қала тұр тағы!
Шын атын шығара,
Салыпты славян ұрпағы.
«Ұлт көтерілген»
Деген бір көпір ақ шаңқан,
Тұр, əнекей,
Дунайға тіреп шынтағын.
Басында соның,
Айдары сынды «А» – хəрпі,
Тоқтаған соғып,
Ақша бұлт кілең алды-арты.
Апарар соған,
Төрт жүз отыз баспалдақ,
Аттаған сайын
Ауада құстай сен қалқып.
О, ғажайып,
Орнатқан сонда ресторан,
Турсаң бір байып,
Жолаушы, дереу, соқ соған!
Жер менен көктің
Ортасында отырып,
Жеп едім дейсің
Мен де бір кез ас-тағам.
Братислава –
Туыс та қалаң, дос қалаң,
Қызығып саған
Дəл осылай бастаған.
«А» – дегені
«Азаттық» – деген сөз бе? – деп,
Қазақша ойлап,
Сенемін жəне рас соған
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter