Өлеңдер ✍️
Буынған сегіз көпір Дунай сері...
Буынған сегіз көпір Дунай сері,
Ернеуін күндіз-түні жуған селі.
Көпірі Эржебеттің мынау байтақ,
Өзі де кереметтің тұрған жері.
Астында аппақ кеме, қызыл жалау,
Ойнайды нұры айқасып күнмен алау.
Мекені Иштванның – король сарай,
Мұнартып арғы бетте тұрған анау.
Басталып дəл Дунайдың жағасынан,
Шыққандай бəрі самсап жар астынан.
Ғажайып ғимараттар бой түзеген,
Көз тайған мынасынан, анасынан.
Мұншалық сұлу қала көрмедім мен,
Түскендей сынып-сынып жерге күннен.
Бəрі де көздің жауын жалмап-жұтқан,
Сиқырлап ақыл жетпес өрнегімен.
Ғасырлар қол қалдырған асыл тастан,
Тынбаған бір-бірінен асырмастан.
Үлгісі үй салудың – Ренессанс,
Готика, Барокколар басын қосқан,
Ертегі бала күнгі қанша əдемі,
Арбаған қиялымда сонша мені.
Жете алмай мына ғажап сүгіретке,
Сүрініп, ой арғымақ шаршар еді.
Осыдан шамаласаң мың жыл бұрын.
Атының жинап алып, қыл шылбырын.
«Тоқтадық осы араға!» – деген екен,
Аттила естіп Дунай су сылдырын.
Жапырлап мадьярлар түсіп аттан,
Жорықтан айлап жортып түсі қашқан.
Дунайдың суына кеп жуған бетін,
Соғыстың шаңы менен ысы басқан.
Сондағы тіреген жер ат тұмсығын –
Бұл күнде ғажап алаң. Тарих сырын.
Оқисың сол арадан – кіл ескерткіш,
Келтірген саздай илеп тастың сынын.
Мəңгілік кетпестей боп бұл арадан,
Тіркесіп өтпестей боп қыл арадан.
Батырлар суыт жүріп келген бойы,
Тас болып ат үстінде тұра қалған.
Оянып көне тарих қайта қаулап,
Келгендей осы арада алдыңа аунап.
Ерлердің естілгендей дауыстары,
Арындап астындағы аты заулап.
Солайша Дунайға кеп бір тоқтады,
Гундердің ең ақырғы ұрпақтары.
Сірескен бір қанаты – қалың қыпшақ –
Ежелгі мадьярдың қол шоқпары.
Ол күнді көрген жалғыз Құдай ғана,
Болмаса мынау кəрі Дунай ғана.
Болмаса құшағынан аттандырған,
Шығыста алыс қалған мидай дала.
Талпынам тарихты еске түсіргелі,
Бір толқын аунап түсіп ішімдегі.
Венгерді ұлт жасаған ұйыстырып,
Жағалай көсемдердің мүсіндері.
Қарайды қимылдамай жанарлары,
Туыстай көрінеді маған бəрі.
Оралмай өзі туған даласына,
Мың жылдай болмай кеткен хабарлары...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter