Өлеңдер ✍️

Көк Дунай, салдым кеме толқыныңа...
Көк Дунай, салдым кеме толқыныңа,
Толқынға толқын қосып толтыруға.
Төріне Еуропаның жүйткіт мені,
Тығылмай Қара теңіз қолтығына.
О, шіркін, болайын-ақ кескініңе!
Дарияның ұқсамайтын еш біріне.
Ойнаған қиялымда апай төсім,
Далиған омырауыңды кештім міне!
Не заман мен жүргелі жерді басып,
Сан сапар жолдарынан теріп нəсіп.
Өсіріп өркешімді ə – дегеннен,
Жібердің көкірегімді керіп ашып.
Таң еді осынау сəт құлан иек,
Мұнартып түу алыста шұға жиек.
Жүзеді көк дүние ортасында,
Тұмсығын аппақ кеме суға сүйеп.
Қадаған маңдайына қызыл жалау,
Жарасып жаңа туған күнмен алау.
Сағынтып шықпай жатып, салады еске,
Артымда Отанымды қалған анау.
О, ғажап, тосын сезім келді қайдан?!
Көз алып болмай жатып көк Дунайдан.
Тұрып ап палубада жапа-жалғыз,
Іздеймін ел иісін шыдамай жан!
Көк Дунай, меймандығым есімде еді,
Аз сəтке жатырқасам, кешір мені.
Елестер қалған жолға Отаным боп,
Осынау аппақ кеме төсіңдегі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇