Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  134


Автор: Ғафу Қайырбеков

СЕНІҢ ТУҒАН КҮНІҢЕ

Бəдешке
Сенің туған күніңдей,
Маған ғажап күн бар ма?
Сенің нəзік үніңдей,
Дүниеде үн бар ма?
Сенің аяқ басқаның –
Дыбысындай бұлақтың.
Сенің есік ашқаның –
Қақпасындай жұмақтың.
Сенің көзің қараған –
Айдың жұмсақ нұрындай.
Сенің шашың тараған,
Көктің күміс суындай.
Екі көзің аққудың,
Жанарынан жаралған.
Екі қасың ақынның,
Қаламынан жаралған.
Ақ төсіңді аймалап,
Күн қонақтап жатқандай.
Аш беліңе ай жомарт,
Алтын белдік таққандай.
Сенің аппақ маңдайың,
Тек бақыттың үлесі.
Сенің аузың əрдайым,
Адал сөздің иесі.
Сенің аман жүргенің,
Маған қуат, маған ем.
Сен болмасаң, дүниенің,
Қайта есігін жабар ем.
Сенің жаның адамға,
Шапағаттың ұстасы.
Ақ жүрегің əмəнда,
Махаббаттың нұсқасы.
Сен болған соң жалғанда,
Қалдым ұзақ тұрақтап.
Сен жеткіздің арманға,
Босағамнан бір аттап.
Бір өзіңсің – ырыс, бақ –
Деп жырымды түйейін.
Туған күні дұрыстап,
Кел, бетіңнен сүйейін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу