Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  169


Автор: Ғафу Қайырбеков

АДАЙ АНАСЫ

Əлі есімнен кетпейді,
Қыз бен жігіт түзген бой.
Өзенде яки Шетпеде,
Болды үйлену үлкен той.
Шыққан екен жайнап-ақ,
Барын халық жасанып.
«Алтын кірпік, Ай қабақ»
Ақ арулар бой салып.
Алмас семсер секілді,
Жарқ-жұрқ еткен жігіттер.
Сілкіп тастап кекілді,
Тыпыршыған жүйріктер.
Ақсақалдар ордадай –
Орнығысқан төр беті.
Төрт бұрышқа толды Адай,
Той бесігін тербетті.
Адамның бір атаны,
Секілденген күрең шал:
– Қайда күміс бақаның
Жаңа шаңырақ тіреу сал!
Ал көтердік, бісміллə! –
Деген кезде, қол самсап.
Жүз сан білек аспанға,
Қалды асылып осы сəт.
Сəлден кейін жұрт жым-жырт,
Жерде шашу шашылған,
Қақ айрылып, жыртылып,
Ортадан жол ашылған.
Ақ жаулықтың ұшымен,
Аппақ шашын қымтана.
Көзінде от, ұшқынмен,
Көп алдына шықты Ана.
Баяу бастап, іркіліп,
Сөздің оғын жонған соң.
Қаршығадай сілкініп,
Алды дейсің сонан соң.
Жасыл қамзол шешіліп,
Серпіп жаулық, жалаң бас.
Жатты арқада көсіліп,
Қара бурыл қолаң шаш.
Баяғы бір сұлулық,
Самалы есті жағалай.
Ана деген ұлылық,
Қосылған мол саладай.
Қос салтанат үйіріп,
Алды көздің жанарын.
Көтерді ол тым биік,
Ақ білектің жалауын:
«Аман шаңырақ – Ердікі,
Аман ошақ – жердікі.
Бірлік-тірлік – Елдікі,
Сəн-салтанат – бардікі.
Екі бағлан қосылса –
Жақсы дəурен жастікі.
Босағадан жол шықса,
Болар елге бастікі.
Ата-дəстүр қашаннан,
Үлкен үйден от алған.
Ел қатары жасалған,
Осындай бір отаудан.
Оны жыққан оңбайды,
Қалар шығып қатардан.
Екінші той болмайды,
Ақ батаны қайтарған.
Жиын емес мына той,
Ойнап-тарқап кететін.
Енді отыңа бейіл қой, –
Көтер қызық, бейнетін.
Ертең ұрпақ жамырап,
Үй толады қызыққа.
Ұл көтерер шаңырақ –
Ие болар қыз отқа.
Дүние қалпы дөңгелек –
Қаптайды енді бар «керек».
Ел баптайтын ер керек,
Дəм баптайтын жар керек.
Қазақ атаң нені айтқан,
«Бір үйім бар» – дегенде, –
Ұйым қамын жеп айтқан,
Ең керегі сол елге».
Деп бір тоқтап, əр қарай,
Жосылады сол анаң.
Дүние-күмбез кең сарай,
Мағынасын толғанған.
Əлі есімде қарт бұлбұл,
Көмейінде көп маржан.
Төкті аямай төкті бір,
Халық қарық боп қалған.
Қаршығадай шүйіліп,
Самғағаны бір ғажап.
Сол жақ қолмен бүйірін,
Тұрады екен уқалап.
«Қанаты ма?» – дедім мен,
Қайта-қайта қызатын.
Қызған кезде көңілден,
Сөз қамалын бұзатын.
Ғажапсың ғой, табиғат, –
Шешілмейтін – сен жұмбақ.
Біреу өткен мал жинап,
Біреу өткен ел жинап.
Мақтан, бауырым, сен Адай,
(Тек мақтанбай күшіңе.)
Мынау ғажап анадай
Шешең болған үшін де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу