Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  128


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҚАМЫСБАЙ

К. Əбішке
Мынау жатқан қарқаралы құба дөң,
Қасиетті, салтанатты бір əлем.
Мұнда Адайдың алыптары көк тіреп,
Аспан – Жерді жалғастырған дұғамен.
Құлпытастар – ата-баба тік тұрған,
Мəңгі өлместі əм келместі ұқтырған.
Мұндай сұлу мұңды қала көрмедім,
Ашық күнде айдарына бұлт тұнған.
Тастан адам жасай берген не ғажап, –
Арман, мұрат, қайғы-өкініш, шер-азап.
Бəрі соның дастан болып жазылған,
Ең соңына қолын қойған Ел-қазақ.
Тіл жеткізбес тұнып тұрған мың өрнек,
Жарқыратар омырауына күн өрлеп.
Сонда мынау ғимараттар сөйлейді,
Бұл дүниеде бар мен жоқты түгендеп.
Ең қария, орта жас пен ең кіші,
Бəрінің де бөлек-бөлек белгісі.
Құрметі мен қызыметі ап-анық,
Əр орында əйел менен ер кісі.
Тірі түгіл өлгендер де тəртіпті,
Сақтап тұрған ағалықты, артықты.
Барлық пенен бəсеке жоқ бұларда, –
Əділдігі табиғатқа тартыпты.
Мен білмеймін кім болғанын Қамысбай,
Кісі шығар ант пен иман, намыстай.
Мəдениет, өнер атты əулие,
Тұр əйтеуір осы есіммен қабыспай.
Ақын інім, осында екен бар тумаң,
Ата-баба, байтақ жаның, бай тұлғаң.
Ол бір кітап сенің қолың көтермес,
Онда сенің кім екенің айтылған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу