Өлеңдер ✍️
ШЕРҚАЛАМЕН КЕЗДЕСУ
– Анау не, ақ жазықта дөңгеленген,
Жолыққан жолаушыға көлденеңнен?
Шерқала – ол, – Маңғыстаудың дулығасы,
Адайда алпыс ата көзін көрген.
Шерқала – қазақшасы – Қала – Арыстан,
Көрінер қарасаң да қай алыстан.
Аумағы аспанменен бірге айналып,
Басына бұлт кідіріп, баяу ұшқан.
– Ойпыр-ай! – Сыятұғын ойға зорға,
Мынау бір дүние-сарай – маңғаз орда!
Отырар орын болсын, – деді ме екен,
Бар қазақ келе қалса алда-жалда?
– Шерқала – қалалардың арыстаны,
Болды ма көне ғасыр, сол тұстағы? –
Жауапсыз ол сұрақты көміп кеткен,
Тарихтың, табиғаттың тартыстары.
Əлде бұл – сол қаланың мұнарасы,
Айдары, ақыл айтар ұлы ағасы?
Қашанда не зұлматтан аман қалу,
Тек қана биіктердің сыбағасы...
Осылай ой толғайды Жəрдем Кейкин,
Көтеріп түсіп қалған жерден бөркін, –
Шалқайып қарағанда бөрік түгіл,
Басыңа ие емессің емін-еркін.
– Ал енді мұның іші – аңыз сандық,
Тастаған хикаямен тиеп, шандып.
Айтқанда суыртпақтап көне шешен,
Аспанға аузымызды сүйеп қалдық.
Биікте қызылбастар қамал құрып,
Ала алмай жерде қазақ амал құрып.
Ақыры түптен тесіп, жоғары өрлеп,
Шыңғыртып асау жауға салған құрық, –
Дейді бір білгіш бала көзі ойнаған,
Əлде бұл аңызы ма өзі ойлаған?
Шерқала маңқияды үнсіз-тілсіз,
Тылсымдай адам емес, жын жайлаған.
Мен тұрмын ие болмай қиялыма, –
Көңілдің жауап іздеп сұрағына,
Келеді керуендер көз алдыма,
Келеді ың-жың дауыс құлағыма.
Келеді өшкен өмір зарлы мұңы,
Булаған сұр жебенің жаңғырығы.
Ал анау ұшар баста бой-бой болып,
Ағарған бүркіттердің, саңғырығы.
Шерқала əкетеді ойды алысқа,
Кім білсін арыстан ба, жолбарыс па?
Əйтеуір ірі болу керектігін,
Оқытып тұрған бізге ол да нұсқа.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter