Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  170


Автор: Ғафу Қайырбеков

МҰНАЙ ТАРТҚАН МҰНАРА

Ғасырлардың көшінен,
Асырып салған мұнара.
Ақсақ Темір есінен,
Танар еді, сірə да.
Мұнай тартқан қаз-қатар,
Мұнараны көргенде.
Келген шығар сан-сапар,
Ол да бір кез сол жерге.
Тандыр ғой деп тап-тақыр,
Бұрған шығар ат басын.
Алтын күмбез, ақ шатыр,
Құратын жер тапқасын.
Ауыр болат құрсанған,
Қатар-қатар мұнара.
Жер қойнына қол салған,
Солқ-солқ еткен бұл ара.
Қара толқын шапшыған,
Көкке жетпей тұр аз-ақ.
Толқын басын қақшыған,
Қаршығадай бір қазақ.
Жол тағы да жылжиды –
Ол орнында тұра ма?
Жон астыңа сүңгиді,
Мұнай тартқан мұнара...
Тағы да бір от жалау,
Желбірейді ауада.
Мүмкін емес көп қарау –
Көз қарығып бара ма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу