Өлеңдер ✍️
![](/uploads/shorttexts/author_image/enkenkenek.png)
МƏДИНАҒА
Жан немерем, тағдыр берген сый-балам,
Жүрегіме махаббатым жинаған.
Сенің мынау былдырлаған тіліңе,
Өлең тілін жеткізе алмай қиналам.
Бұлбұлмысың ұшып шыққан кеудемнен,
Ғұмырмысың жаратылған бір демнен.
Уілдейсің үйді күйге толтырып,
Дамылың жоқ аяқ басып жүргеннен.
Тұла бойың толып тұрған өнерсің,
Көкрегімде қонып тұрған көгершін.
Реніштен қуаныш жасап беретін,
Айтшы маған, қайдан шыққан шеберсің?
Айналайын, тосшы бүйрек бетіңді,
Шөлдеп кеттім, бір басайын өртімді.
Бұйра-бұйра шашыңның əр талынан,
Ақыл қаулап шығып тұрған секілді.
Жас-жарымда бəрін біліп алыпсың,
Айтпай жатып, сырымызға қанықсың.
Барлық бөлме қабырғасын жайнатып,
Сəулең түскен қараңғыда жарықсың.
Сен көктемсің, тұманы көп күз атаң,
Ұйқы қашып, атпай қойса құла таң.
Таңертең-ақ сөйлесем – деп сенімен,
Өзімді өзім күлдірем де, жұбатам.
«Осы қазақ əсекі ме, немене?» –
Деуші едім мен, «тəтті – десе – немере».
Өмір – теңіз, енді өзім де ұқсадым,
Ылғи тəтті тиеп алған кемеге.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇