Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
09.07.2022
143
ЖАБЫҚ БƏЙГЕ
Жабық бəйге қазаққа жараса ма?
Ет жегендей жасырып оңашада.
Қозбаған соң арқасы жүйріктердің,
Озбаған соң дізгінді соза сала?
Шаппаған соң жазықты «бауырымдатып»
Жан тер шықпай жазылар жаурын қайтып?
Шаппай, желмей бəйге алған кімді көрдің
Көптігіне сүйеніп, ауылын айтып?
Туысында шын жүйрік жапа-жалғыз,
Ол шіркінде болмайды апа, балдыз.
Озып барып жинайды ағайынды,
Сонсоң халық ол жайлы айтады аңыз...
«Мынау озды!», «Бұл – алды!»,
«Жарайды!» – деп,
Біз айтамыз, ел үнсіз қарайды тек.
Көрмеген соң қызығын жұрт көне ме,
Жабыны да тұлпарға балайық, – деп?
Жабық бəйге қазаққа жараса ма?
Жасырынбақ ойнаған бала-шаға,
Той төбеге топырлап шыға алмайды,
Қанша күтіп қалың ел қараса да.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter