Өлеңдер ✍️
![](/uploads/shorttexts/author_image/enkenkenek.png)
ЕСІРКЕЙ САЛСА...
Адуын асау толқындар –
Бастарын сүйер жар керек.
Ел қолында алтын бар –
Артып шығар нар керек.
Жабдығы күміс ақ тұлпар –
Жазылып шабар бел керек.
Сырнайлы көмей аққулар,
Сызғылап ұшар көл керек.
Ересен шабыт ақын бар,
Еркелетуге ер керек.
Бұл – халық айтқан нақылдар,
Қолдауын табар жер керек!
Еркелей қалдық мына біз,
Асыра шауып бір кеттік.
Сыңайы сəлдеу бір аңыз,
Атымызға тіркеттік.
Тозуың үшін сол – жетті,
Соңында қисық жол кетті.
Шарлаған кеме жер-көкті,
Қайраңға барып бір шөкті.
Қайрылып ойлап қарасаң,
Не өнді содан, не бітті?
Қадірін қайтып бергенше,
Енді оралып шіркіннің.
Шырқ айналып диірменше,
Қолы тимес бір күннің.
Содан кейін ұмытылдың,
Қашан сені соңғы рет,
Тағдыр қолы үйіргенше!
Мың қызметке – бір қызмет –
Кешіре салу дегенің.
Кеңдікке сияр қасиет –
Жақсының сақтау беделін.
Уақыт емес кінəлі,
Уақтық деген бар дұшпан.
Қаруың содан сынады,
Күншілдіктен қан құсқан.
Түспейді еске ой бекер,
Түспейді жоннан жол бекер.
Жалғаннан көшкен жақсының,
Қадірі кейін көп өтер.
Қолдан қойған бақсының,
Аруақсыз жыны қор етер.
Аяулы елдің, сындарлы,
Ат үстіндегі ерлері.
Еркелеуге туған ұлдарды,
Еркелеткің келмесе,
Есіркей салсаң – сол жетер...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇