Аңыздар ✍️
ЖҰЛДЫЗ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Осылай əжесі уатып,
Əлдилеп еді-ау бір кезде.
Зырлады шапшаң уақыт,
Заман да өзге, күн де өзге.
Тары да бір жыл озды алға,
Десейші ғажап қандай жыл!
Арманға қолын созғанда,
Өлшеусіз Бақыт қонды-ай бір!
Айта алмас ауыз, тіл жетіп,
Теңселіп кетер іштей ол.
Өсіріп келген тербетіп,
Талайғы асыл түстей ол.
Отыз жыл бойғы ой алаң,
Жанына қатқан мұзды шер, –
Жетімдік тоңын бойлаған,
Керемет тосын бұзды сел.
Отыз жыл бойғы қанына,
Маза да бермей келген күш.
Сəтті бір күннің таңында,
«Көтеріп көкке, жерден ұш!» –
Дегендей болды, о, ғажап,
Бастады сосын шалғайға.
Өзге бір сəуле оған жат,
Қаратпай кетті ай-жайға.
Жары да – бəрі – жан-жағы,
Қарады бұған жатырқап...
Сондағы дала шаңдағы...
Сондағы аспан шатырлақ...
Есінде қаулап қайтадан,
Бергі өмір, арғы көне күн...
Əлдиге қосып айтады əн,
Баурына қысып бөбегін:
– Есімнен кетпес сол Таңым –
Ер болып енген мен Тыңға.
Сегіз де жасар Шолпаным,
Мен айтайын, сен тыңда!
Былтыр ғой бəрі. Дегенмен,
Жаңарып ойға оралған.
Кездесіп халық, көп елмен,
Талай бір түссе жол алдан.
Қанатын тосса бақытың,
Қайратың бойдан төгілер.
Зорайып сонда уақытың –
Баяғың болып көрінер.
Əрине, оған ой толғап,
Əзірге ұғу жоқ саған.
Мен сөйлейін бір жолға-ақ,
Қүлағың, балам, тос маған!
Жалауым мынау төстегі –
Депутат белгім – мақтаным.
Ұлы күн – сол күн естегі,
Даңқтың отын жаққаным.
Кремль Сарай – аппақ нұр,
Ішінде қалқып жүздім мен.
Қиялым ауыл жақта жүр,
Орманнан жидек үздім мен.
Бала күн – шашым желбіреп,
Кештете қайтып келем мен.
Бір жұлдыз ақты мөлдіреп,
Тұп-тура менің төбемнен.
Əжеме айттым мəн-жайды,
Үндемей үркіп қарады ол.
– Жұлдызға бағу болмайды –
Жұлдызы сөнген адам – ол.
– Жер бетінде қанша адам –
Бəрінде бір-бір жұлдыз бар.
Аспанда солар самсаған,
– Дейтұғын, балам, аңыз бар!
Түсетін сол сəт есіме,
Баяғы əжем əлдиі.
Қарадым сонда несіне,
Өліпті əкем сол күні.
Батыпты судың түбіне,
Ашыпты құшақ Днепр.
Сол жұлдыз аққан түн, міне,
Көз алдымда əлі тұр.
Көзімді ашып содан соң,
Қараймын ғажап Сарайға.
Мəжіліс болмас одан зор,
Айтылған сөздің бəрі ойда.
Есімде, – атым аталды,
Сөзінде басшы – жаны əділ.
«Қазақтың қызы аттанды,
Дəуірге, – деді, – жаңа бір!
Техниканы ұршықтай,
Үйірді, – деді, – қолымен.
Даладан мыңдап қыз шықпақ,
Осының салған жолымен».
Өмірде мұндай биік сөз,
Құлағым естіп көрмеген.
Қадалса талай сүйіп көз,
Қараймын төмен жерге мен!
Өмірде ғажап күн бар-ау,
Көруі – соның мың арман.
Осылай, қалқам, бұл жалау,
Биікке мені шығарған.
Жалаулар жайлы бұл аңыз,
Маған да əжең айтпаған.
Əзірге сəби – бұла қыз,
Есіңе сақтап бақ, балам!
– Жұлдыздар жайлы аңызды,
Мама, сен қашан айтасың?
– Болайын соған қарызды,
Ол кезең маған – басқа сын.
Бəрінен биік жұлдызы,
Сен боласың – жол салсын.
Аспанның сұлу бір қызы –
Себебі сен – Шолпансың.
* * *
Абыройдың отын маздатар,
Туды бір жылдар сүйікті.
Туды бір миллиард қаз-қатар,
Біз жеткен нұсқап биікті.
Қадірлі Қазақстаның,
Ерлерге тағы сөз берді.
Ғарышқа ғажап ұшқанын,
Бақытты шақта көз көрді.
Жағалай ұшу, самғаулар –
Байқоңыр бойы – от жалын.
Аспан мен жерді дəн жалғар,
Көрдік біз сағат соққанын.
Сары ала Тыңның бидайы,
«Востоктар» бортын ораған.
Космосқа тартқан сыйдайын,
Апарды көкке соны адам.
Орындап арман, мақсатын,
Көзінде жайнап мың ұшқын.
Қуанған толқын сол сəтін,
Көрдік біз Леонид Ильичтің.
Көрдік біз Димаш ағаның,
Көзінен жалғыз тамшыны.
Туған жер, қимас даланың,
Алдында асқан əр шыңы.
Көрдік біз Жəмиланың да,
Бүгінгі ерлер сапында.
Тұрдық біз оның жанында,
Жұлдызды таққан шағында.
Қасында қызы – Шолпаны,
Төсінде жұлдыз жарқырап.
Азамат жары Жайсаңы,
Көзінен жасы шашырап.
Өмірдің жолы елестеп,
Дейді ол – Бақыт жетерлік, –
Ер болу оңай емес тек,
Бақытты ұстау – екі ерлік!
Сөйлесер сосын Жəмила,
Таусылмай сөзі Шолпанмен.
– Кездестік бүгін тағы да,
Анадағы айтқан қолқаңмен.
«Жұлдыздар жəйлі аңыз» ол,
Айтылды міне, біл, балам.
Бақытқа барар жалғыз жол, –
Еңбектің өзі – жырлаған!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter