Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  101


Автор: Ғафу Қайырбеков

ВАЛТАСАРҒА КӨРІНГЕН ЕЛЕС

1
Қасында өңшең бөрі – нөкерлері,
Падиша тойлап жатты – той өрледі.
Астында қалың шамның салады ойнақ,
Самсаған салтанаттың ерендері.
Ерсі той, еріккен той – шарапқа жұт,
Ондайда өңештемей тарап па жұрт.
Жат дінді, жат құдайлы жауыққан той
Дүрілдеп жатты еркін қанат жазып.
2
О, сұмдық! Сол мезетте бір қол ойнап
Шыға кеп, қабырғаға түскен бойда-ақ
Жөнелді жүйтки жазып бір жазуды,
Жұрт тынып, тосын үрей іштей жайлап,
Бақшиып бəрі бірдей қалды қарап,
Шымырлап көтерілмей қолда шарап,
Ап-айқын құмға жазған жазу бейне,
Ал бірақ сырлы жұмбақ – бұл не ғажап!
3
Сол кезде Валтасардың құты қашып,
Əлдекім оқығандай үкім ашып,
Сөйледі, əрең-əрең келді тілге
Көңілін қорқыныштың бұлты басып:
«Алдыма келсін дереу білгір біткен,
Жан түгіл мақұлыққа тіл бітірткен.
Жазудың мынау сиқыр сырын ашсын,
Тойымның шырқын бұзып, кім кідірткен!»
4
Халдейдің даңқы шыққан бақсылары,
Осы жер даналыққа бақсынары,
Алайда оқи алмай сол жазуды,
Кірерге жер таба алмай састы бəрі.
Ақ шашты Вавилонның əулиесі
Ежелден «көріпкелі», бар киесі,
Ол дағы сұмдық сөздің сырын білмей
Ақылы амал таппай, жаңылды есі.
5
Күн кешіп тұтқындықта көп жасыған,
Бар еді балғын дене бір жас ұлан,
Сол тұрып жазуды əлгі оқып берді,
Талайдың тауын шағып, сыр жасырған.
Таласып батар күнмен қолын жайып,
Дəл айтқан дуалы ауыз сол бір ғайып,
Күн шыға келді айнымай жорығаны,
Ауыр қол, өмірлі тақ болды майып.
6
Сондағы мынау еді жазу сыры:
«Тап болды Вавилонға тағдыр сұмы!
Таң атса тақтан құлап, Валтасардың
Жақын тұр жаһаннамға жаны ұшуы.
Алтынды, əсем киім үстен шешіп,
Болады патшаңызға кебін несіп.
Бос қалған биік таққа Кир ие боп,
Қақпаға жау əскері кірер кешіп».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу