Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
29.06.2022
164
ТУҒАН ЕЛ ЖҮРЕГІНДЕ
Есіліп самалындай кең даланың,
Ешқашан басылмайды,
Елге алаңым!..
Сөнеді аспандағы жұлдыздар да,
Туған ел жүрегінде мен қаламын!..
Сарылып, сағынышпен сен қарадың,
Аңырап, Анашым деп, мен барамын...
Ұшақтар, күні-түні ұшып жатыр,
Жоқ сынды қашықтығы енді араның!
Жимаған етек жеңін, кең қазағым,
Өлеңнен –
Өзің үшін кен қазамын!
Жете алмай келеді көш,
Жетер жерге,
Арылды ма десем мен, енді алаңым.
Төрінде Атажұрттың қосылды өрен,
Киіктей, көкіректен жосылды өлең!
Бұл дағы арылмаған арманың ғой,
Өмірің өтіп жатыр,
Көшуменен!..
Атар таң, батар мен де, кешім де өлең,
Аққу ем сайрандаған төсіңде мен!..
Əйтеуір көз алдымнан бір кетпейсің,
Үкідей, үлпілдетіп, өсірген ел!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter