Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  144


Автор: Марфуға Айтқожина

Қоңыраулап құлақта, қоңырау жыр...

Қоңыраулап құлақта, қоңырау жыр,
Қоңыр кештер күмбірлеп, өмір ауды
Алаңы көп бұл шақта көңілімнің,
Мазасыз түн неғылған,
Тəңір-ау, бұл?!
Болар ма екен бұл əлде пендешілік,
Елде бірлік бұл күнде,
Елде тірлік!..
Есейдік деп мұңайып жүрген кезде,
Кетесің-ау, күндерім сен де сырғып.
Үзеңгіні керек пе өту шіреп,
Ол кісілік, бір-бірін кету сүйеп!
Сен келгелі тыныстап қалып едім,
Сен кеткенде қалам ба, жетімсіреп?!.
Осынау бір тұстарда асқан өрден,
Жетімдікті тағдырым, басқа берме.
Қиын-қыспақ сүрлеуден астық қанша,
Адалдықтан жүргем жоқ басқа жолмен.
Өткел бермес асулар, өттім белең,
Өлең жазып жарыстым,
От жылменен!..
Сая болып тұратын жапырағы,
Миуалы ағашпын, көп гүлдеген.
Жан барма екен, арманға жеттім деген,
Қасіретті көбірек төктің бе өлең?!.
Өзіңді ойлап отырмын оңашада,
Жақын болып жаныма –
Кеттің неден?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу