Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  119


Автор: Марфуға Айтқожина

ДУЛАТ БАБАМ

Тағзым ғып аруағыңа,
Дулат Бабам,
Жүрегім келді тайдай тулап саған.
Біз тұрғай,
Ұлы Абай пір ұстаған,
Шайыры шайырлардың, сымбатты адам!
Өтіпті қанша дəуір, зырлап заман,
Еске алып, өзіңізді жырлатпаған...
Бүгінгі ұрпағыңды түсінерсің,
Жаныңа жақын келіп,
Сырласпаған...
Кеудемнен заман жайлы мұңды ақтарам,
Қара жер!
Ұлыларды құндақтаған...
Аруағың тебіреніп, еміреніп,
Жатқандай өзіңізді тыңдап ғалам!..
Жатқандай өзіңізді тыңдап ғалам!..
Түн кешіп,
Қалың оймен шынды ақтарам.
Күмбірлі күмбезіңнен шыққан үнді,
Шамамның келгенінше тыңдап бағам.
Түтіндер сөніп қайта будақтаған,
Кез болды таңдар атып,
Күн батпаған...
Күмбезің тұр ерекше күйлер кешіп,
Жусан исі бұрқырап,
Гүл қаптаған!
Баурына жатыр басып Аякөзің,
Туып-өскен жерің ғой баяғы өзің.
Көзіме елестетіп мен де тұрмын,
Анамның Аякөзде,
Бала кезін...
Жоқ маған ешқандай да бөтендігің,
Тəңірге жалбарынсам,
Жетер ме үнім?!
Жолыңды қуған ұрпақ іздеп келді,
Басыңды ақын Бабам,
Көтер бүгін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу