Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  197


Автор: Марфуға Айтқожина

«Ауылым көшіп келеді таудан асып»...

«Ауылым көшіп келеді таудан асып»,
Таудың қызы, тауда өскен,
Тауға ғашық.
Қатар өскен кешегі, қайран құрбы,
Көшкен жұртта көз жазып,
Қалды адасып...
Ауылым көшіп келеді, ауылым көшіп,
Алақұйын тағдырдың дауылын кешіп...
Туған елін армандап өткендердің
Сағынышын тербеген –
Жаным бесік!
Ауылым көшіп келеді асып белден,
Қиырлардан,
Көз көрмес, қашық жерден...
Тəуелсіздік күндерім жатыр желпіп,
Қасіретті жанымды,
Жасып келген.
Ауылым көшіп келеді Талқыны асып,
Асқанына Талқыны, жарты ғасыр...
Көшіп келген елімен
Атажұрттың,
Ырысы да тынысы артып жатыр.
Қаншама жұрт тағдырлас өрімдесіп,
Сағыныштың алапат селін кешіп –
Қарсы алыңдар, ағайын,
Құшақ жайып,
Келе жатыр алыстан
Елің көшіп!..
«Ауылым көшіп келеді таудан асып»,
Таудың қызы, тауда өскен, Тауға ғашық!
Қатар өскен кешегі,
Қайран құрбы,
Көшкен жұртта көз жазып,
Қалды адасып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу