Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
29.06.2022
111
ҒАЙНИКЕШ
Аққудайын айдында жүзген анық,
Қанатыңды келесің,
Бізге жайып!
Арқалаған арманын Азаматтың,
Сый-құрметі халықтың –
Сізге лайық!
Гүлді ешқашан үзбеген қазақ мүлде,
Жаныңызды жүреміз балап гүлге.
Сұлулықтан басталған өміріңіз,
Тұр екен-ау, толықсып,
Ғажап күйде!..
Жақын демей ешкімді,
Жатым демей,
Баурап тартып бəрін де
Жатыр мерей!
Тұрған кезде өзіңдей сүйенері,
Ешқашан да болмайды ақын кедей.
Қарлығашы секілді қалықтаған,
Сый-құрметі еліңнің лайық саған.
Бір өзіңдей болар-ау,
Арлы ару,
Еліне еңбек етуден жалықпаған.
Бірге өткеріп көктемдер, қанша күзді,
Жүрші солай толтырып ортамызды.
Кей кездерде керек-ау,
Құлазыған,
Сүйей жүрер
Сіздей жан арқамызды!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter