Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  117


Автор: Марфуға Айтқожина

ЕСКЕК ЖЕЛ

Шапағын шашыратып ашық таңы,
Тұр екен, Алматының асып сəні!
Көктемнің күркіреген үнінен бе,
Ауылым, еске оралды,
Қашықтағы...
Сырына бойласам деп тұнық-терең,
Арайлы таңдарынан үміттенем.
Көктемнің əсері ме, сырлы-сұлу,
Мөлдіреп,
Таңғы шықтай, тұныпты өлең!..
Сырлайтын сыр-сипатын тасқа бекем,
Көктемде сыйқыр-сезім жатқан екен.
Күбірлеп отырмын мен, сырлы кеште,
Ауылымды аңсап,
Болған-жатқа мекен...
Көктемнің ұнатушы ем, ескек желін,
Ақ бұлттар, ескек желмен көшкен керім!
Дариға-ай,
Менің туып өскен жерім,
Өзіңе құс боп ұшып жетсем дедім.
Арман не, құстай самғап жүрсең ұшып,
Көңіл гүл, құс əнімен гүл сергісін!
Əкелген мені өмірге,
Арман-ауыл,
Ақын боп қалармын мен бір сен үшін!
Ескек жел, есілгенде Талқы жақтан,
Өзендер елестейді, шалқып аққан!
Кетер ем, құстарменен бірге ұшып,
Арқамда жүгім жатыр,
Халқым артқан!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу