Өлеңдер ✍️
АРҚАДАН АЛҒАН ƏСЕР
І-ЖЫР. ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ
Жаңғырып Тəуелсіз күн үніменен,
Бұл таңда естіледі үнің ерен!
Осынау ерен үнге елеңдеген,
Барады аттың басын бұрып өлең.
Өзіңді көріп едік іс басында,
Жолдарым –
Жақсылықпен ұштасуда.
«Қаланың қамын ойлар, даланың да,
Қадірі артқан қарт пен тұстасына...»
Деп, жұртың, өзің жайлы жалғайды ойын,
Ертеңді армандайды талмай көңіл.
Арманын ата-баба ұштастырып,
Қиялың көз алды емес,
Шалғайда жүр!..
Айтпаса кім біледі, кімнің жайын,
Ағызған ақын қанша,
Тілдің майын.
Өнерлі жандар да көп бұл Арқада,
Сайраған əншілер де бұлбұлдайын!..
Жаңалық, бас көтермей бастамадан,
Көрініп Қарағанды,
Астанадан –
Асырып келесің сен, ел мерейін,
Күнің кем, ойдың бұлтын жастамаған.
Көркейтіп тұрған осынау қаланы да,
Көз тартар,
Ала доптың алаңы да.
Жасыл шым,
Масатыдай құлпырады,
Əкелген Австриядан қазағыма!
Шуағын ақ маржанға шомдырып күн,
«Петергов» көшесін де қондырыпсың!
Су үні, сыңғырлаған күміс күлкі,
Табиғат сұлулығын
Төндіріп тұр...
Ерекше айбат беріп найза, сауыт,
Батырың, алаңда тұр,
Айға шауып!
Айбыны байқалады ат үстінен,
Дұшпанның еске түсер «тəубесі» анық!
Секілді арқа елінің ақ пейілі,
Толқындап жатыр жаңа бассейіні.
Биіктен суға ыршыған балалардың,
Құлақтан жүр ғой əлі,
Кетпей үні!
Қамтыған Қарағанды бар ауданын,
Жалығар жаңа алаңға қарауға кім.
Көресің Ұлытаудың «жотасынан»,
Ұлары мен тарихтың –
Тарауларын!..
Жүк қанша ауырласа арқаңдағы,
Өмірдің соншалықты артар мəні.
Сеңгірдің жартасында маңғазданды,
Арқаның,
Ай мүйізді,
Арқарлары!..
Қаланың шетін ала қалың орман,
Орманды жерде арылмас,
Жаның ойдан?!.
Сəулетті Университет,
Сəнді үйлер,
Секілді, хас шеберлер ою ойған!
Бүгінгі сəнің бөлек, əнің де ерек,
Келеді азаматтық –
Арың демеп!
Кешегі Қарағанды қанша өзгерген,
Оған да батылдық пен
Жалын керек!
Оған да батылдық пен дарын керек,
Келеді туған елді –
Жаның демеп.
Жүргенің жұртың үшін дамыл көрмей,
Сондықтан, сəулетті үйлер, салынды ерек!
Жатқан жер, бір кездері алаң-ашық,
Орман тұр гүліменен араласып!
Көркіне күннің де өзі сақтанғандай,
Алаулап,
Көкжиектен барады асып!..
ІІ-ЖЫР. ҚАСЫМ КҮНДЕРІ
Қасымның дүбірлетіп Тоқсан жылын,
Қаһарман, ортада жүр –
Тоқтар бүгін.
Қасымдай өр ақынның, шерлі ақынның,
Тойына, жыр саңлақтар, шоқтар гүлін!
Қарап тұр қалпын бұзбай, Қарқаралы,
Мəдилер, бүгін асқақ əн салады.
Шайтанкөл шарасына жатыр сыймай,
Жартастар,
Қасым атын қайталады!..
Ерліктің таусылар ма айтар əні,
Батыры-тауларындай,
Қайсар, əне!
Орманы қарағайлы өлең тыңдап.
Бəрі де Қасым атын қайталады.
Аңызға толы Арқа даласына,
Жетіп ем, Алматыдан жан асыға.
Оқыды жалынды жыр, Ақсұңқаров,
Тұндырып Шайтанкөлді шарасына!
Оранған ұшқыр ойдың от арнасын,
Екпіні Қасымша оның жатар басым!
Жасындай жарқылдаса,
Арқа жақтан,
Қалған жоқ толғандырмай қатарласын!
Қарқара, қалды тыңдап көрікті үнді,
Көрікті үндер тұрды төгіп жырды!..
Бауыржан, Ғалым бəйге алдын бермей,
Оларға қыздар бəйек, теріп гүлді!
Тасыған өлең жырдың арнасында,
Қасымның үні ерекше жалғасуда!
Елемей жауған оқ пен дауылыңды,
Тұрғандай,
Жырлар оқып, жар басында!..
Қаумалап майдандасын ортаға алып,
Жұбан мен Сырбайлар жүр дəл қасында!.
Жеңдірмей дауыл-күшке көп қарысқан,
Дақпырты бізге жетіп жатты алыстан.
Ғарыштың əлеміне алғаш рет,
Қарқара тауларынан –
Тоқтар ұшқан!..
Тұрса да қауіп-қатер төндіріп тым,
Кім оның жүрек отын сөндіріпті.
Көк мұхит үстіндегі кемеге ол,
Ғарыштан ұшақты аман қондырыпты!..
Жазылып тарихымның тасқа сыры,
Жырлауда өр Қасымын,
Жас Қасымы.
Ақынның мерей тойын өзі бастап,
Ортада жүрді Тоқтар,
Хас Батыры!
Үкілі домбыралар əр үйдегі,
Қазағым, қашаннанғы –
Сəнің бе еді?!.
Кімнің-кім екендігін айтпаса да,
Дүбірлі шабысынан таниды елі!
Сайраудан бұлбұлдары бұлданбады,
Ақынның арылмады,
Жырдан жаны!..
Ұлықбек Есдəулетов, Несіпбектер,
Тынбады толғанудан –
Нұрлан дағы!..
III-ЖЫР. АСТАНАМЕН ҚАУЫШУ
Арқаның самалындай ашық-керім,
Астана, тұрмады ма тосып төрін.
«Тəттімбет» атындағы оркестрмен,
Күй шалқып,
Оқылды жыр, тасып көңіл!
Риза боп ықыласына барша жанның,
«Президент сарайында» арқаландым!
Жүрегім сол бір кеште соқты үдеп,
Өзекке құйылғандай, қанша нəрлі үн!..
Толқытар сезіміңді, күй ме, ғалам,
Өмірді, тебіренбей ме, сүйген адам?!.
«Бір уыс топырақты» жатты ұсынып,
Шетіне орамалдың –
Түйген Анам!..
Елестеп, жастық ғұмыр ұзап кеткен,
Қайтадан оралғандай,
Шуақ көктем!..
Елімнің маған деген махаббаты ол,
Үнімді-жыр тербеген, қуатты еткен!
Ақынның жұрттан бөтен жоқ қой сыры,
Жасырман, көңіл сол кеш,
Көп толқыды...
Арқаның Жезкиігі бірге жөңкіп,
Тулады,
Теміртаудың от толқыны!
Үн қосып жатты, Ұлытау ұларларың,
Биіктеп бір арманнан – бір арманым.
Анамның ақтық үнін естігенде,
Жанардан жас ыршытпай,
Тұра алмадым...
Сұм тағдыр, билеп қонар-ұшарын да,
Қуатын сарыққан сағыныш,
Күш-ағынға.
Арман-ай, жете алмай-ақ туған жерге,
Қалды Анам,
Қара жердің құшағында...
Қанша ма түссе дағы жанға қысым,
Күй кештім, биіктерде самғау үшін.
Бұл менің тағдырымның бір белгісі,
Анамның естіді жұрт,
Жандауысын!..
Құрсаулап жатушы еді көңілді бұлт,
Күдікті-көңілдегі –
Жеңді ме, үміт?!.
Тапқырлық, режиссерлік қойылымға,
Жиналған сол кештегі егілді жұрт...
Қуанып, қиналғанда жазылды өлең,
Сол кеште жыр қоңырауы –
Қағылды ерен!
Болмаса, актерлердің шеберлігі,
Оңай ма,
Жұрт көңілін табу деген?!.
Адамның не дайындар келешегі,
Бұл да бір түске енбейтін елес еді.
«Бір уыс топырақпен» елді егілткен,
Өнерге құдіретті,
Не жетеді?!.
* * *
Көк күмбезді Президент сарайында,
Көңіл риза,
Келген көп ағайынға.
Алғаш рет ақынның кеші өтіпті,
Нанайын ба, жұртым-ау, нанбайын ба?!.
Сол кештің əсерімен қалайын да!
Қанатын аққулар да малып көлге,
Күмбірлі сарай толып қалыпты елге!
Төгіліп жатты сол кеш əн менен жыр,
Табаны тиер емес анық жерге!
Өзін де өлеңін де алды аялап,
Астанаға жиналған шабытты ел де!
Ел-жұртты жатқандаймын танып мен де...
Тəңірге болмаса екен асылық бұл,
Мүмкін бе, жүру дейтін басылып кіл?
Көкте жұлдыз,
Ал Президент сарайында,
Ұшқыны отты көздер, шашылып тұр!
Сезіну қандай бақыт, білу мұны,
Құйылды жүректердің жылу-нұры.
Берілген бар пейілімен кеш сырына,
Көз көрді зиялы мен білімдіні.
* * *
Жебедей ұшқыр ойлы, батыл-шындық,
Қақ жарған қара бұлтты жасын сынды –
Мұхтары Құл-Мұхаммед кешті бастап,
Сөздерін төкпелетіп жатыр сырлы!
Жасаған, көп көрмесін сыйын мына,
Əркімге мұндай бақыт бұйырды ма?!.
Өнерлі таланттарды атап өтіп,
Қамтыды, сонау –
Шығыс, Қиырды да!..
Төрінен орын алған шешендіктің,
Кімнің де көкейіне жетер мықты үн.
Қолдаса аруағы, Аталардың,
Салмағын,
Сен де бүгін көтер жүктің!
IV-ЖЫР. ТЕРБЕЛДІ ТƏУЕЛСІЗ КҮН ТАЛБЕСІГІ
Аттанған Алматыдан əншілер де;
Іркілмей, шын жүйрікті салсын өрге!
Болаты Əбділманның нағыз жүйрік,
Ешқашан зəру емес,
Қамшыгерге!
Саңлағы емес пе ол сахнаның,
Шындықты айтпай неге жасырамын.
Сарайды күмбірлетіп кетпеді ме,
Төкпелеп, төгілдіріп,
Тасыған үн!
Сөйлейді ел адамы, елге лайық,
Марқайдым, Арқадағы елге барып.
Серігі Ақсұңқардың өлең арнап.
Қанатын қақты Аққулар,
Көлге жайып!
Ел болып жатқан шақта қосып тілек,
Ойламан, бақыт құсы кешікті деп.
Тербелді Тəуелсіз күн талбесігі,
Бұл күнді жүруші еді-ау,
Тосып жүрек!..
Кезегі келді, міне, тосқан күннің,
Қар жауып,
Қайта ашылды аспан бүгін.
Қарашы, ақша бұлтқа кетті айналып,
Еңсені қашаннанғы басқан мұңым!..
Алаулы Астананың арай шыңы,
Сəттілік тілеп сөзсіз, қарайтыны.
Кеудеме күмбірлеген күй сыйлады,
Салтанатты, Президент –
Сарай түні!
Əуенін Тəуелсіз ел шырқамаса,
Ақынның ашылады қалайша үні?!
Орнаған сол Сарайдың басында ай-күн,
Ай-күннің аясында –
Ашылмай ма үн?!.
Жас кезім қайта оралды, жасырынған,
Жасаған!
Жарқылдатшы, жасындай бір!
Сызылтып аққуларын көл бетінің,
Төгіл сен де, ақтарыл,
Тербетіл үн!
Аяла, асыл арман,
Асқақ қиял,
Мазала, ақыныңа берме тыным!..
V-ЖЫР. АҚҚУ ƏНІ
Жатса да мерейіңді асырып күн,
Кетпейтін желпініп те,
Тасынып тым.
Тағдыры өнерменен өрімдескен,
Арудың көзіндегі жасын ұқсын.
Арқаның тұнып тұрды, түні сырға,
Сол сырды жалғап жатты,
Шыңы-шыңға!
Өнерге деген сенің мол сезімің,
Күмбірлеп жатты домбыра тынысында!
Астана шалқытты жыр, «гəккулеп» түн,
Назарын алды баулап,
Аққу, көптің...
Жалғанды сол аққудың сырлы үніне,
Айбынды оркестрі Тəттімбеттің!
Сұлулар, көз сүрінткен жазық маңдай,
Сыңғырлы күлкілері нəзік қандай!
Сəні мен салтанаты –
Сай келіп тұр,
Қалар ма ақын жаны шабыттанбай!
Оркестр, дүрліктіріп қала, түнді,
Кеудемде ғажап сезім, аласұрды...
Əніме əнін қосып,
Жанын тосып,
Астана!
Қақтырды жыр – қанатымды!
Себебін қинамаңдар сұрап бұның,
Кездер де болды батқан жылап күнім!..
Есілдің толқындары тербеп жатты,
Алыстан аңсап жеткен, «Жыр аққуын!»..
Айдында тұрып алды, қалқып сырлы үн,
Аққуға оралмастай қайтып бұл күн...
Аққудың əнін тыңдап жағалауда,
Сыры мен мұңдарына балқып тұрдың!
Арқаның құндыз түнін қымтанып мен,
Тебірендім пейіліңе,
Мұншалық кең!
Тəуелсіз Қазағымның он жылдығын,
Дүние, бірге жырлап, тұр шабытпен!
VI-ЖЫР. ҚЫРАНДАР-АЙ!
Сезім нұрлы, өнерлі жанға деген,
Ол дағы тектіліктен қандағы ерен!
Түлеген Алтайымның Ақиығы ең,
Жататын биіктерде –
Талғам-өрең!
Ел үшін тау көтердің ауырсынбай,
Салмағы сезілмеді,
Қауырсындай...
Даланың кешіп жүрсің, ақ боранын,
Күндердің өзінде де
Дауылсыз жай!..
Ойларға жұртың үшін қалдың нендей,
Толқыдың өнер десе,
Айдын көлдей!
Алматы, Астананың арасында,
Айтыстың Аманжол жүр, алдын бермей!
Өнердің жолы қиын, жолы сырлы,
Өнерлі жанға создың қол ұшыңды.
Бауырым, өнерліге демеу болсаң,
Өмірге ол,
Сыбағасын мол ұсынды...
Жүргенің содан болар, сыйлы болып,
Гулеген кеудем менің –
Жырлы көрік!..
Оралдым, арқаланып Арқа жақтан,
Шуағы, шашыраған күнді көріп!
Қырандар, көк аспанда қалықтап жүр,
Сен дағы бұдан былай,
Тарықпа жыр!
Тəуелсіз күндерімнің қуаты ғой,
Құйылып жатқаны осынау халыққа нұр!
VII-ЖЫР. ТҮЙІН
Түндері Қарқараның шоққа оранып,
Қасымның жырларынан жатты оянып,
Өлеңге тіледім мен,
Өмірге емес,
Арқаның тынбай соққан ақ боранын!
Тағдырдың қыспағына қараған кім,
Шашымды самалына тарап алдым.
Сеңгірі-серіліктің,
Арқа жері,
Салтанат – сəніңе сан оранармын!
Өнердің құдіретіне беріліп шын,
Шайтанкөл,
Шарасына көміліп күн.
Тартылған шымылдықтай шыршалары,
Шыршалар арасында өріліп гүл!..
Көрінген сонша жақын жанға тіпті,
Теміртау!
Отты арнасын маздатыпты.
Шыңдаған Камалтинды сол Теміртау,
Тербетіп, от толқындар сан ғашықты!
Аңыз ғып айтып болмас, таңға тіпті,
Ерлік салт –
Теміртауда жалғасыпты,
Баулыған сол Теміртау түлектері,
Бұл күнде, ел басқарып,
Алға шықты!..
Неғылған таңғы шықтай тұнық сезім,
Аршыған мөлдіретіп үміт көзін.
Алдымен Теміртауы түседі еске,
Елбасы!
Алғанда еске, жігіт кезін!..
Өнерім, өмірімді тасқынды еткен,
Үнімде күз толғанып,
Жатсын көктем!
Ел үшін, өлең үшін ғұмыр кешем,
Тілемен, ажал есік қақсын деп мен...
Жатса да өнер үшін жазаланып,
Өнерге барын салған, қазақ анық.
Көктемнің нөсеріндей төгіп өтер,
Өнермен жатсын өмір, тазаланып!
Ғасырлар дауылына шалдықпаған,
Хас өнер, қанатты құс, ғажап анық!
Беу жылдар, қандай ұшқыр, қанатты едің,
Қақтырған қанатыңды ғажап сезім!
Аты жүр Бекболаттың əнге айналып,
Атыңмен мақтанады қазақ сенің!
Арқаның дірілдетіп таңғы аспанын,
Қобызды күңіренте əн бастадың.
Өнердің сен айналсаң жұлдызына,
Сенің де бар қанша ма,
Жалғастарың!
Өнерсіз өрлемейді тасым өрге,
Аруға, өнер сүйеу, асыл Ерге!
Хандар да өнер үшін тақтан түсіп,
Тигенше,
Тағзым еткен басы жерге!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter