Өлеңдер ✍️
ТОЛЫҚСЫҒАН ТОҒЫЗТАРАУ
Қиялым тағы кезіп шалғайларды,
Үзілген сонау жылдар,
Жалғайды əнді.
Қақтырған тамсандыра
Таңдайларды,
Əніңе шөлім тағы қанбай қалды...
Тұрсың ба,
Тоғызтарау,
Толқындаған,
Болмасаң, сонша ерекше
Толқыр ма адам?!
Көз жазып кетіп едік біз өзіңнен,
Кездерде көк шыбықтай солқылдаған...
Не шара, қойды тағдыр жекелетіп,
Сан қиял шылбырынан жетелетіп...
Көк майса баурайыңды
Гүл жамылған,
Жүр екен,
Кімдер бүгін
Мекен етіп?!.
Жүр екен, кімдер бүгін асыр салып,
Неліктен жасыл белдер,
Жатыр талып?!.
Көк өзен толқындаған көз алдымда,
Толассыз сол ма жырлар,
Асыр – шабыт?..
Торғындай,
Тоғызтарау,
Толықсыған,
Тауыңнан түлеуші еді,
Шолып қыран!
Керілген кербез де өзің,
Керемет ең,
Кеудемде саған деген толып тұр əн!..
Қараумен күнді өткерем мен де талып,
Арқаңды
Жатырсың ба,
Кеңге салып?!.
Өзіңнен өнген қанша
Өренің бар,
Көктегі жұлдыздардай,
Сөнбес анық!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter