Өлеңдер ✍️
ТҮЛЕП ШЫҢДА
Жаныңа тыншу бермей, арман-алаң,
Əлемде елдерің де аз шарламаған.
Жұртының жайын ойлар азаматын,
Еліне қауыштырар, жолдар аман!
Ақталып жатқан шақта, асыл үміт,
Қоғадай, қозғалмадым, жапырылып.
Дауылы қуаныштың шайқады ма,
Кеудемде кетті Сайрам, сапырылып!..
Бұл күйді болмаса да көрген ешкім,
Маздады жас аралас,
Көзден ұшқын.
Тек үнсіз қуандым да, үнсіз толқып,
Сол бір сəт, келді құс боп өрден ұшқым.
Жеттік-ау, бұл күнге де талықсырап,
Кеткендей айналамда, жанып шырақ!
Бауырым, мен құттықтау жолдамадым,
Сүйінші, жатты менен –
Халық сұрап!..
Дүние, неткен сұлу, сиқырлы еді,
Даланың желпіндірді, бір тың лебі.
Өлеңмен жалғамасам сол сезімді,
Ақынның үзіледі-ау, жырсыз демі...
Боялған шағында осы жүрек нұрға,
Өнерге керек сендей,
Тірек, тұлға!
Сақтасын, Тəңірім, қауіп-қатерінен,
Шарықта,
Шарықтай бер,
Түлеп шыңда!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter