Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  109


Автор: Марфуға Айтқожина

ТƏКАППАР ТАЛҚЫ

Құздарынан жөңкілген дауыл-көшкін,
Мен тəкаппар Талқының тауында өстім!
Тауында өстім,
Жасыны жарқылдаған,
Жете алмайтын батылы баруға ешкім.
Бой асыра шыңдары биіктеген,
Бірге ойнадым жартаста киікпенен.
Қайсарлықты бойына құйған мықтап,
Қарағайын тапжылмас сүйіп келем!
Сүйіп келем өзенін омыраулы,
Сүйіп келем гүлдерін қоңыраулы.
Сүйіп келем аспанын күркіреген,
Сүюменен ортадан өмір ауды...
Сүйіп келем ақ қайың, көк терегін,
Көңілімді сүюден шектемедім!
Келмейтіні қолымнан жек көру ғой,
Сүюменен өмірді өткеремін!
Өзен болып арнама сарқыраған,
Өр болуды үйретті,
Талқы маған.
Жермен жер боп ешқашан жүрмеу үшін,
Үйренсе ғой,
Таулардың салтын адам.
Күш-құдірет жетпейтін қозғалтуға,
Қызығамын шоқтығы озған шыңға.
Қанша қиын болса да өз тағдырым,
Сүйемін мен өмірді
Өз қалпында!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу