Өлеңдер ✍️
АЙЫМ ТУЫП АСПАНДА
І
Қаншама адам жете алмай зар ғып өткен,
Біздер көшіп келгенбіз Арғыбеттен...
Арбасына ат емес,
Атан емес,
Құлындай шырқыраған жанды жеккен...
Солай аңсап келгенбіз, жасырмайын,
Содан болар жүргені
Басылмай мұң.
Кіндік кескен жеріңдей болу қайда,
Қанша ма орнап тұрса да
Басында ай-күн!..
Атажұртым!
Тау тұрғай, тасың бөлек,
Қуат беріп жаныма жатыр демеп.
Аңсап жеткен осынау
Атажұртқа,
Сағынышты армансыз басу керек.
Сағынышты баспаса, дертке айналар,
Көңіл шерін мен бе екем,
Шертпей қалар?!.
Ағытпасаң дертіңді,
Ақтармасаң,
Өзегіңді өртеген өртке айналар.
Арып-ашып қаншама, ассын қырдан,
Бұдан былай бұл дертті асқындырман.
Жүректегі байланған қасірет бұл,
Дауасын тапсын енді
Тасқын жырдан!
Бар ма біреу, ақынның жайын сұрар,
Қиналудан жанарға уайым тұнар.
Басқа қонған бақытты
Құс дейді ғой,
Менің дағы оңымнан айым туар...
II
Айым туар аспанда қораланып,
Қораланып туған ай, дараланып.
Заман ба əлде
Адам ба, түсініксіз,
Жанымыз келді қанша,
Жараланып...
Тағдыр – тартыс,
Шыдамай сынған сынар,
Мені-дағы сүйсініп тыңдаушы бар.
Жоғарыға өрлетпей,
Тартты етектен,
Айым туып аспанда тұрған шығар?!
Сезген сайын ауғанын назарыңның.
Жеңіл тартты салмағы азабымның,
Рушылдық аты емес, айқайлаған,
Мен атынан сөйледім,
Қазағымның!
Кенелермін күндерге шабысы мол,
Болмаса да бұл шақта бар ісім оң.
Кенесары, Абылай болмасам да,
Ел намысы –
Менің де
Намысым ол!
Қаншама адам жете алмай зар ғып өткен,
Біздер көшіп келгенбіз,
Арғыбеттен...
Ат емес, Атан емес,
Арбасына –
Құлындай шырқыратып,
Жанды жеккен!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter