Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  128


Автор: Марфуға Айтқожина

ҰЙЫҚТА ЕНДІ АЛАҢСЫЗ...

I
Өтер ме екен арылмай алаңдығым,
Толғанып отыр тағы балаң бүгін.
Көкірегі күрсініп,
Күйін шерткен,
Өзің жайлы тебіренген қалар бір үн.
Қарашығым көміліп жасыма кіл,
Жете алмадым,
Жан ана, басыңа бір.
Күн көзіне шағылған күмбезің жоқ,
Өніп тұр ма,
Өрмелеп тасыңа гүл?!.
Барлық бақыт пендеге бұйырған ба,
Көз жазыппын өзіңнен –
Жиырмамда...
Алыс жүріп арнадым,
Құран-хатым,
Қабылдай көр,
Қызыңнан,
Ұлыңнан да...
Жетелейді сол жаққа қиял мені,
Соңғы демнің секілді-ау,
Құяр жері...
Қасіреті-ай, құбылған замананың,
Жерұйығын жатына қияр ма еді?...
Енді алаңсыз, Анашым, ұйықтайсың.
Кездерім көп қиялға тұйықтайтын.
Баурыңа балаң туған жерді басып,
Бірін де бөгде жанның жуытпайсың,
Ұйықта енді алаңсыз,
Ұйықтайсың!..
II
Қашанғы орындалмай қалағаның,
Өттің-ау, өкініште, Анажаным?...
Жалғасам арманыңды ерте үзілген,
Менің де бір кəдеңе жарағаным.
Арқалап «қашқын» өмір ауырлығын,
Ауыр жыл өтті қанша,
Дауылды күн...
Жаудырап қарақат көз қарағанда,
Жүректі қаритұғын
Жалын-мұңың...
Басынан сан-алуан өтіп алаң,
Толғанып тірісіндей отыр, Анам...
Өлеңнен бір ескерткіш
Орнатар ма,
Тірісі екеу –
Бар-жоғы жеті балаң!..
Болмыстары ерекше, тілі дархан,
Төретұрсын, Гүлмануар,
Құдиярхан...
Ұлдарың тірі болса,
Айтмұхаммед,
Дариға-ай,
Кеңір еді-ау, менің арқам!
Солардың армандарын өттім жалғап,
Оларды кетсе дағы аштық жалмап...
Есіңе түскен кезде арыстарың,
Анашым, жер баурында,
Жаттың ба аунап?!.
Уайымдап ұл-қызыңды аштан өлген,
Бұйырды топырағың
Басқа жерден...
Таулары бұл тағдырдың қандай асқақ,
Аса алмай келем өзің –
Асқан ерден...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу