Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  133


Автор: Марфуға Айтқожина

«АҚЫНЫМ, ҚОЛТАҢБАҢДЫ ҚАЛДЫРЫП КЕТ»

Жұрт жамылып жүргенде қалың атақ,
Мен келемін шоқ шайнап,
Жалын асап...
Қым-қуыт тағдырыма өкінбеймін,
Ақындығым кіршіксіз –
Жаныма шақ.
Көкірекке көмілген ырғақты əсем,
Төлегендер өтіпті,
Жырлап Сəкен.
Жыр – аққуға айналған,
Ақын – тағдыр,
Ойлаңдаршы,
Мəңгілік тұрмақ па екен?!.
«Өлең тұрғай, өмірін арнап» маған,
Өмірден арманда өткен ардақты адам...
Тентек мінез,
Тентек жыр,
Тентек сезім,
Арынды өзен еді, жалдатпаған...
Аумайды екен, тым нəзік, өнер гүлден,
Өнер мəнін жандар көп терең білген.
Таңшолпандай жарқырап тұрғанменен,
Абайсыз, көк жүзінен сөнермін мен...
Кім айтады өмірді мəңгілік деп,
Соғылатын жартасқа жаңғырық көп.
Дейді маған қиылып, оқырманым,
«Қолтаңбанды, ақыным,
Қалдырып кет...»
Жұртқа содан байқалар керектігім,
Бəсеңсімес, бар еді, өр екпінім.
Елім жүрсе қолтықтан демеп бүгін,
Жыр жазуға бəрі де себеп бұның.
Толғандыра, толқытқан ғасырларды,
Тəңір тұттым,
Абайдай асылдарды!
Қара өлеңін қалдырып қазағына,
Алған екен,
Не биік асуларды!..
Амал не, жұрттың бəрі Абай емес,
Көшіп кеткен өмірден талай елес!..
Жерлестерін сүйреген жетесіздік,
Қанға сіңіп қалған-ау,
Қалар емес...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу