Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  123


Автор: Марфуға Айтқожина

«ЖЕР – АСПАН»

Нұр жауып, айдай жүзін желмен ашқан,
Көшімен жаңа ғасыр өрден асқан.
Өнердің дүбірлеткен бəйгесінде,
Тағдырың қалай сенің, «Жер мен аспан?!.»
Баурыңды басып қыстың ақ қарына,
Үмітпен қарап атқан ақ таңына –
Тəңірден тілеп осынау өнер жолын,
Жыр толғап,
Ақын отыр,
Ақтарыла!..
Түссе де өнер үшін азапқа сан,
Өнерін сыйламады,
Қазақ қашан?
Жеңісі жаңа ғасыр осы емес пе,
Татитын қалай айтып, мадақтасаң.
Əкелді заман бізге асыл үлгі,
Көңіл де өр өзендей тасынулы.
Аламан бəйгесі бұл өнерімнің,
Тұрғандай биіктетіп ғасырымды!
Тұрғандай биіктетіп ғасырымды,
Шалғайда жақын тұрғай,
Жаты білді.
Өнерге қанат байлап отыр бүгін,
Қазақтың ұл-қыздары,
Батыл үнді!
Өнердің сан-саласын жатсынбаған,
Келеді жаңа бір лек, тасқындаған.
Өнерлі,
Өрелі ел екенімді,
Төрт қыбыла,
Түгел біліп жатсын ғалам!
«Жер – Аспан» сияқтанған тасқынды əннің,
Тағдырын Қабылашқа тапсырғанмын.
«Жер – Аспан» ғасырға айтқан мінəжат ол,
Сол əннен жұрт керегін
Тапсын жанның!
Əн бөлек, əнді айтатын əнші бөлек,
Көзден ыршып кеткендей тамшы кенет.
Құдіретті сазды əуен сиқырына,
Əн сүйген сезімдерді, алшы бөлеп!
Жалымен арғымақтың алысатын,
Жаңа ғасыр үніне қабысатын –
Майда-қоңыр даусынан самал ескен,
Жұрт таныр,
Сол əншіні,
Таныса шын!
Сүйген жары даланың құралайы,
Операның бұл күнгі – тірі Абайы.
Шыңғысқанның елінде
Шырқап еді,
Өз жұртында болмай жүр, сірə, жайы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу