Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  118


Автор: Марфуға Айтқожина

ТҰМАН – АҚЫН!

1
Жамылғанда саясын жасыл жаздың,
Сыңғырынан –
Сыр өріп жатыр назды үн.
Қастерлі ару –
Камила секілденген,
Көзіндегі жазықсыз, жасын жаздың.
Бір кісідей көтеріп дерттің жүгін,
Аялады жүрегің,
Өрттің гүлін!..
Қаршадайдан төрт болып екі көзің,
Қасіретті соғыстың шерттің мұңын...
Махаббатпен кестелеп бар ғажабын,
Махаббаттың өсіпсің,
Тыңдап əнін.
Жүрсең-дағы бақытқа бөленіп сен,
Жаның болды неліктен мұңға жаның?!.
Жүрмесең де өгейсіп, шетінде елдің,
Көп жырладың,
Көз жасын,
Жетімдердің!..
Аналарға айырылған боздағынан,
Жүрегіңнің –
Жырға орап, отын бердің!..
Болғаннан соң, мейірім, ұнасым көп,
Ойламайсың ешкімді,
Жыласын деп.
Əбділдадай ағалар еркелеткен,
Ғафекеңдер, айтатын –
«Тұмашым» – деп...
Жұлдыздайын жарқырап жанған нұрлы,
Махаббат сазы жұртты таңдандырды.
Секілденіп «Тайбурыл» өрден озған,
Шалдықтырмай келесің,
Саңлақ жырды!
2
Жай қуаныш емес бұл, тосын келген,
Кешегі жеке даусың,
Қосылды елмен!
Жыр – дарияда,
Тербелген бір кемеде,
Қуанамын көргенде досымды өрден!
Жылы шырай,
Жылы үнмен амандастың,
Көңілі солай болар,
Замандастың!..
Келіп тұрмын тойыңа жыр арқалап,
Жүрегімде қанша ма алаң жатсын...
Өзімсініп, өзіңе сыр ақтарам,
Бақыт бар ма,
Бір жола тұрақтаған?!.
Басымыздан кештік қой, алуан күндер,
Бұл да бір кезім шығар,
Шуақтаған!..
Жол бермейтін қатыгез, қатулыққа,
Дүние кілті жатыр –
Татулықта.
Біз келеміз көз жазбай татулықтан,
Қадіріміз күн сайын,
Асып жұртқа!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу