Өлеңдер ✍️
ҚАРЛЫҒАШТАР
Қажымай, асқан қиын түрлі асудан,
Қазаққа қамқор болған –
Турашыл жан!
Турашыл жан жайында жыр төгілтіп,
Жүректі кенде емеспіз, тулатудан.
Сезімі, құштары да арта түсіп,
Жатқандай сол бір күнді қайта құшып.
Ораздың аты айтылып жатқан кезде,
Ағылды,
Қарлығаштар,
Қайшалысып!...
Жел тұрды,
Дірілдетіп
Шайқап талды,
Өтердей, сол бір сəтті аңсап мəңгі –
Қарашы, қарлығаштар! –
Деп, Ханбибі,
Сезімтал ақын жаны, байқап қалды.
Құс екеш, құстың-дағы жаны сергек,
Өтті ме, оларды өмір –
Əні тербеп?!.
Дүркіреп ұшып жүрді, шыр айналып,
Ерекше, аула ішіне салып өрнек!
Айтады, қарлығашты, киелі деп,
Киелі құстың да айтар тілегі көп.
Жанына адалдығы серік болған,
Əйтпесе, титтей құстың,
Тірегі жоқ!..
Даланың, қарлығаштар, сəні ме екен,
Бар ма əуен, сол қарлығаш əніне тең!
Аспанға қарлығаш боп ұшып кеткен,
Ораздай,
Боздақтардың,
Жаны ма екен?!.
2
Қазақтың Жандосовтай тұлғалы ұлын,
Жарандар, арқау еттім,
Жырға бүгін.
Жаралғам,
Ілияс туған топырақтан,
Ильфадай егіп кеткен шыңға гүлін!...
Құрығын қатал жылдар салса да ашық,
Жасымай, өсті олар,
Жанталасып...
Жар таңдап, Ильфа сынды
Жаны тұнық,
Қыздарға көз салмаған қанша ғашық!
Сабырлы, салмақты да, маңғаз жігіт,
Алыпты сан асуды,
Самғап жүріп!
Санжар мен Ильфа қыздың тағдыры бір,
Тым тату, өмір кешті,
Таңғалдырып...
Халқының тірілткендей тамаша ұлын,
Жалғады ол, əкелердің –
Жаңаша үнін!
Жұртына, өнерге де сүйеу болған,
Санжардай, тапты қазақ,
Жанашырын!..
Келген жоқ ол өмірге таныс талғап,
Қияға кетті қыран,
Алыс самғап!
Аруағы адал ұлды жебеп жүрді,
Қожа Ахмет Ясауи,
Арыстанбап!..
Жігітке қанат берді киелі жер,
Самғайды сүйікті елге –
Сүйеніп ер!..
Санжардай ақылды ұлын, жаны жайсаң,
Қашан да есіне алып,
Сүйеді ел!
Шуағын шашқан кезде көрікті күн,
Шымкентке, Алматыдан келіп бүгін –
Үлкендер тілек айтып, ал ақындар,
Жатқандай,
Жүрегінің егіп гүлін!
3
Бұл да бір тұлғалы ұлға батыл белгі,
Дақпырты елеңдетіп
Жатыр ма елді?!.
Жас ұрпақ, Жандосовтай болсаңшы деп,
Ескерткіш қойып,
Мектеп атын берді.
Мектептің ауласынан бойлап нар – ұл,
Тұрғандай,
Өткен күннің ойлап бəрін...
Тұрса да өзі айналып ескерткішке,
Сезер ме,
Жұртқа бүгін тойлатқанын...
Күткен күн, көптен бері тағат талып,
Қанша ма, тұрған жоқ па,
Қарап халық!
Жаудырып жыр нөсерін Түркістанға,
Қайтармыз,
Алматыға қанаттанып!
Жайғасқан осы өлкеге асыл кілең,
Олар да –
Тебіреніп жатыр білем!
Түркі елі Меккесіне тағзым етіп,
Аруақтар алдында басымды ием!..
Ойға өлең,
Оңайлықпен орала ма,
Қош енді, көріскенше,
Ораз аға!
Өлеңім – ескерткішке қосқан үлес,
Ғасырда мынау ғажап,
Жаңа, дара!
Қимастай сол бір күндер, қалды неге,
Өлеңді кешіктіріп жазды, деме...
Өзіңіз тербетілген,
Жыр – өмірде,
Шайқалып,
Жүзе берсін, сазды кеме!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter