Өлеңдер ✍️
Жасауы мол қыз сынды ұзататын...
Жасауы мол қыз сынды ұзататын,
Көктемім,
Құлпырасың, гүл ашасың.
Ой мен қырды қымтаған жасыл жапырақ,
Сен де мендей, көктемді ұнатасың.
Су толқындап жатса егер арық толып,
Балалар да ойнайды, қарық болып.
Жəрмеңкеге бұл дала айналатын,
Көз-көрімнен кеткен құс,
Ауып келіп...
Басталғандай ерекше, тірлік бөтен,
Үлкен-кіші, неліктен дүрлікті екен?
Қызығына қана алмай қалған соң ба,
Қысқа өмірде осынау сырғып кетер.
Көктем сайын құлшынып диқан баба,
Көз ілдірмей жүреді бір таңға да.
Бір істің беті сонда бері қарар,
Аздау ұйықтап,
Тым ерте тұрсаң ғана.
Желпінесің көктемнің желіменен,
Төгілер, өздігінен келіп өлең.
Кетеді үй сыртынан ол да ұзап,
Былдырлаған бала да төліменен.
Бұл өмір, əлде ұзақ,
Қысқа ма екен,
Өмірді мен өлеңдей құшқан екем.
Жастық, шіркін, өмірдің көктемі ғой,
Содан да жан –
Көктемге құштар екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter