Өлеңдер ✍️
СӨЗ СОҢЫ
Далада шексіз көлбеген,
Жүрдім ғой қиын жолменен.
Аязда талай қарпыдым –
Темірді нəзік қолменен.
Ол емес еді арманым,
Ойладым істің ар жағын.
Аналық ыстық жүрекпен –
Өсірдім дəннің маржанын.
Демеймін таудай ірімін,
Тірлігін еттім тірінің.
Өзімнің тұңғыш қызымдай
Бидайдың өрдім бұрымын...
Желіндей есіп даланың,
Күріштің шашын тарадым.
Ойлама жанын темір деп,
Темірге мінген Ананың.
Алғысын алып мен елдің,
Десем де көктеп,
Көгердім,
Дей алмаймын бірақ мен –
Трактор мініп теңелдім.
Дей алмаймын кенелдім,
Тосырқап, талай бөгелдім.
Астында қыздың ойнаған –
Трактор –
Тұлпар деген кім?
Жүгірген жүйткіп далада,
Тұлпарға оны балама!
Трактор жансыз шойын ғой,
Түсірген салмақ санаға.
Тозаңның жұтып бар шаңның
Жансыз затқа жан салдым.
Қажет кезде жүргізіп,
Қажетсіз кезде қаңтардым.
Ішіне сіңіп сағымның,
Далада сансыз сабылдым.
Трактор мініп жүрсем де,
Тұлпарды жүйрік сағындым.
Шалқытқан баба қиялын.
Тұлпарды қалай қиямын.
Жібектей жалын сағындым,
Сағындым құрыш тұяғын.
Сағындым жұмсақ тізгінін,
Темірге салған бізді кім?!
Доңғалақтың үстінде –
Өтті ғой,
Қайран,
Қыз күнім.
Өтті деп жастық жыламан,
Қалпында тұрмас тірі адам.
Жыламай,
Бірақ,
Болар ма –
Солды ғой Арал –
Ұлы Анам!
Тартылды Арал –
Құт кетті,
Омырауымнан сүт кетті.
Тулаған толқын ғайып боп,
Жұтынған қайғы,
Жұт жетті.
Қаңсып бір қалды қайығым,
Құм қауып елді жайыным.
Анамнан мені айырар,
Бар еді қандай айыбым.
Дариям қайта шалқыр ма,
Шағалам қайта қалқыр ма?
Бүгін-ақ өліп кетер ем,
Аралым қалса артымда!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter