27.06.2022
  139


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖАДЫРА

1
Сүйінші,
Отан,
Өр елім,
Сүйінші, Арал,
Сыр, Жайық!
Сүйінші сұрап келемін,
Құшағыңды ыстық тұр жайып.
Сүйінші,
Асқар тауларым,
Алатау,
Алтай,
Қарқара!
Сүйінші, өлке,
Ауданым,
Шығыңдар мені қарсы ала.
Сүйінші,
Ұшқан құстарым,
Сүйінші,
Ескен желдерім.
Сүйінші,
Қазақстаным!
Сүйінші,
Тұтас жер – көгім!
Жаңашыл жалын жастарым,
Қабыл ал ақын досыңды,
Жайдары ашық аспаным,
Тағы бір жұлдыз қосылды.
Əлемге жар сап айтамын,
Жетті деп қолым арманға.
Жадыра сынды қайсарым,
Батырлық атақ алғанда.
Жадыра маған замандас,
Сырласым,
Досым талайдан,
Жалғанда жүзін шаң алмас,
Жадыра алтын шарайнам.
Жадыра – бұлақ,
Бастауым,
Далаға тегіс тараған,
Жадыра десе жас қауым,
Жарқылдап маған қараған.
Жадыра –
Жарыс,
Тай-талас,
Еңбексіз өтпес ай-күні.
Тұнығын ешкім шайқамас,
Жадыра атыз айдыны.
Жадыра –
Ардың аққуы,
Қанатын кіршік шалмаған.
Жадыра –
Жанның пəк гүлі,
Ұрпаққа жанын жалғаған.
Жадыра –
Ұстаз алғашқы,
Жүргізген еңбек сабағын.
Осынау дəстүр жалғасты,
Қызына күллі даланың.
Жадыра –
Ана жұлдызды.
Еңбекпен бақыт жаратқан.
Қыранша баулып ұл-қызды.
Қырларға тегіс таратқан.
Жадыра –
Жастық жалыны,
Даланың тоңын жібіткен.
Жадыра –
Жұлдыз жарығы,
Қараған əркім үмітпен.
Жадыра күндей күркіреп,
Трактор мініп шыққан шақ.
Кетеді байтақ қыр түлеп,
Тағынып түннен шық-моншақ.
Жадыра құстай қомданған,
Жалынға толып өзегі.
Жадыра жортқан жондардан
Ағады ырыс өзені!
2
Бойымды теңеп асқарға,
Құттықтап тұрмын досымды.
Осынау бейбіт аспанға,
Тағы бір жұлдыз қосылды!
Тағы бір батыр қосылды,
Батырлар өскен далаға.
Тағы бір тұлпар жосылды,
Сарапшыл біздің санада.
Жадыра бастап қолдаған,
Қалмайды жұмыс серпілмей.
Тереңнен тартып толғаған,
Жадыра –
Шындық сертіндей!
Қарайды ол ылғи сүйініп,
Еңбегі адал кісіге.
Үлкенге талай иіліп,
Көрсетер ізет кішіге.
Онда жоқ
Паңдық,
Пенделік,
Қарайтын ала көзімен,
Жүреді ылғи тең көріп,
Былайғы жұртты өзімен.
Мінезі ауыр –
Қорғасын,
Ашуға бермес ақылын.
Еңбектес жора-жолдасын,
Күндеген емес,
Батырым!
Ойлаған сынды ауылын,
Ойлайды тегіс ғаламды.
Ойлаған сынды бауырын,
Ойлайды күллі адамды,
Сүйгендей туған халықты,
Сүйеді жарын мəңгі ана.
Өзіне келген даңқты,
Тілейді өзге жанға да.
Қанатын қырға жайған ту,
Өтіне желдің көп шыдар.
Жадыра жүзін шайған су,
Сенен де мөлдір жоқ шығар?!
Жадыра еккен көк шынар,
Күн сүйген сайын көкке ерлер.
Сенен де майда жоқ шығар,
Жадыра жүзін өпкен жел!
Далаға,
Міне,
Күз келді,
Сарғайып тегіс төңірек.
Жаздан да үміт үзді енді,
Көлбеңдеп жүрген көбелек.
Даладан алуан құстар да
Күн сайын сиреп барады.
Айдыннан аққу ұшқанда,
Күрсініп көлдер қалады.
Күрсініп қалған көлдерге,
Жадыра ойлы қарайды.
Уақыт шіркін көнген бе,
Əдеті сол ғой талайғы.
Ырысқа кенеп қыр үстін,
Келді ғой күткен ел күзі.
Толтырып дəнін күріштің,
Толықсып кетті жер жүзі.
Теріме өнген күрішім,
Сүйеді жаным сені шын.
Термеймін сені күн үшін,
Теремін туған ел үшін.
Толтырып Отан қамбасын,
Құйылып жатсаң болғаны.
Мерейім артар сонда шын,
Жарқырап өмір жолдары.
Тілегім осы ежелден,
Баураған менің еркімді.
Аптапта ернім кезерген,
Шөліркеп жатқан жер сынды.
Қаймықпай дауыл – бораннан
Байлағам белді сен үшін.
Келеді бастап сол арман,
Кеңейе түсіп өрісім.
Еңбегім –
Тасқан ырысым,
Жолымды кеспес əлде не.
Боламын арқау жыр үшін,
Боламын қанат əнге де.
Осылай бола береді,
Отаным аман тұрғанда.
Даңқтың өзі келеді,
Дабылын қағып бұл маңға!
Қайран да қайран қаласың,
Көргенде қазақ даласын.
Бауырына басады,
Жатсынбай адам баласын.
Осынша кеңдік,
Дарқандық,
Болар ма өзге жандарда.
Кең даласын қалқан ғып,
Үмітпен қарар таңдарға.
Тұрса да кезеп өзіне оқ,
Аңғармас оны,
Аңғалым!
Дауылға өшпес,
Сезімі – от,
Аласармас заңғарым!
3
Қанаты жырдың қатайсын,
Толғандым іштей неше күн
Бүгінің маған ап-айқын,
Есіме түсті кешегің.
Есіме түсті баяғың,
Ажалмен жатқан күресіп.
Зырқырап,
Қақсап аяғың,
Ұйқысыз жатты күн өтіп.
Халіңді сұрап барғанға,
Деп едің сонда маңдайлым:
– Аяқты доғдыр жалғауда,
Арманды өзім жалғаймын!
Жалғандың,
Досым,
Жалғандың,
Жалғандың,
Міне,
Бүгінде
Асқақ ой сенің арманың.
Қосылдың ұлы дүбірге!
Қаламын кейде аяп мен,
Көзіме келіп жас мына.
Жалғанған сол бір аяқпен,
Қарсы алды сені Москва!
Өзіңе берген міндетті,
Стахановша орындап.
Қарсы алып сені күн де өпті,
Қарсы алды басшы қолыңды ап.
Бақытты қандай анасың,
Қызыға саған қарадым.
Батыр боп өзің қаласың,
Ақын боп мен де қаламын!
Сел болып тері төгілген,
Көбейсін сендей ұл-қыздар.
Бұлтсыз ашық көгімнен,
Туыла берсін жұлдыздар!
Ұшырдың биік құсыңды,
Көктемдей жайнап нұр жүзің.
Жарығын елге түсірді,
Кеудеңе таққан жұлдызың.
Жалынға бөлеп жас жанын,
Ерлігің сенің тұрды үдеп,
Қуанды мөлдір аспаным,
Тағы бір жұлдыз туды деп.
Жадыра,
Батыр,
Кел бері,
Кел бері,
Досым,
Жолдасым!
Осынау ұлы жердегі,
Сыйлайын гүлдің солмасын!
Лайық саған дер едім,
Шексіз де шексіз қиырым.
Сыйлайын судың тереңін,
Сыйлайын таудың биігін.
Атыңды қосып өлеңге,
Сыйлайын əннің асқағын.
Сыйлайын жатқан тереңде,
Теңіздің асыл тастарын.
Не деген жомарт анасың,
Қызығып саған қарадым.
Батыр боп өзің қаласың,
Ақын боп мен де қаламын!
Жадыра,
Досым,
Қымбатты,
Қолыңды қатты қысайын.
Көріскенше енді күн жақсы,
Құс болып мен де ұшайын!
Қағайын биік қанатты,
Күнінде осынау жаздың бір.
Ағарып,
Міне,
Таң атты,
Құттықтап сені жаздым жыр.
Қабыл ал,
Досым,
Азсынба,
Ақынның осы тілегі.
Өзіңдей жандар жаз тұлға,
Табыла бермес үнемі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу