Өлеңдер ✍️
КЕУДЕҢДЕ ДҮБІРЛЕСІН БƏЙГЕ ШАБЫТ
Күндерің текке өтпесін əнге салып,
Кеудеңде дүбірлесін бəйге шабыт.
Өнерді тұншықтыру қиянат қой,
Шын жүйрік
Шідерлеуге көнбес анық.
Кеудеңде дүбірлесін бəйге шабыт,
Бəлкім, ол мерт болады
Өрге шауып.
Жатыр ғой,
Жүректерге жол жасалып,
Іргесін жыр – отаудың кел,
Қосалық!
Кел, қосалық бөлінбес іргемізді,
Ойларды ағытайық жүрген ізгі.
Екі елдің арасына дəнекер боп,
Қуанар жұрт,
Көрсе егер бірге бізді.
Сезімі теңіз,
Сезеді халық бəрін,
Қалар ма ақтарылмай анық дарын.
Тірліктің күйбіңінен алып шығар,
Шашасына шаң жұқпас,
Шабыттарың!
Еліміз де,
Жеріміз бір болғасын,
Арада айтылмаған сыр қалмасын.
Алматыда жыр оқып тебіренген,
Құлжадан көреді жұрт,
Ұлжалғасын!
Ұлжалғас!
Нəзік ақын,
Төкпе дейім,
Сені ойлап көз ілмедім көпке дейін.
Дəрігерсің емдейтін адамдарды,
Сен жайлы жыр толғасам,
Сөкпе кейін!..
Кеудеңде дүбірлесін бəйге шабыт,
Күндерің текке өтпесін əнге салып.
Жатсыншы жүректерге жол жасалып,
Іргесін жыр – отаудың
Кел, қосалық!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter