Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  162


Автор: Марфуға Айтқожина

БОТА

Сен тұңғыш аттасаң да босағаны,
Қарсы ала баруға қол босамады.
Қайда жүрсе тілейтін тілеуімді,
Сенің Анаң,
Осы үйдің дос адамы.
Боташым!
Сырттай бəрін біліп жүрдім,
Жаның сұлу,
Көзіндей тұнық жырдың.
Қанша жыл басқа қала,
Басқа жерде,
Қызық емес,
Білемін, білім қудың.
Тұңғиық жанарыңнан ой ұқтырып,
Мінезіңе жарасқан байыптылық.
Қанша қажып жүрсе де бұл тірліктен,
Дəрігердей
Аласың айықтырып.
Солай етіп өсірген анаң сенің,
(Арылмапты бойыңнан балаң сезім).
Өзі біліп отырған адам үшін,
Ақыл айту,
Артықтау болар сөзің.
Өзің тектес ақылды,
Асылдарым,
Алматының көркейтер жасыл бағын.
Жанарыңның байқаймын жарқылынан
Жастықтың жалындаған жасындарын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу