Өлеңдер ✍️
ҚОҢЫРАУЛА
Ордендері жарасып омырауда,
Жақсы күнмен жалғасып
Көңіл – арна,
Келе жатыр Жеңістің солдаттары,
Қоңыраула,
Дүние,
Қоңыраула!
Келеді олар,
Тұтасып қатарлары,
Қашан еді жауынгер атанғалы.
Отты жылдар ойраны ойсыратқан,
Есіл ерлер
Көкіректе жатар бəрі.
Келе жатыр соғыстың ардагері,
Соларға ықыласын арнады елі.
Бүгін халқы көтерсе төбесіне,
Кеше олар –
Отанын қорғап еді.
Мен таңдана қараймын бар маңыма,
Олар жеткен жандар деп арманына.
Қатар түзеп келеді –
Қарт солдаттар,
Солқылдайды қара жер салмағына,
Кеше көзсіз ерлікке бармады ма?!.
Қас жауымен шайқасып,
Алысқаны,
Күндерді еске түсіріп алыстағы,
Жанарлары жалтылдап жауынгердің
Ойналады –
Ерліктің марштары!
Кешегі қанды майдан солдаттары,
Келеді ерлік жолын жалғап тағы.
Келеді бейбіт күннің əнін бастап,
Қыр жаңғырып үніне,
Тау қапталы.
Алматы – қыз!
Батырын гүлге орады,
Қызықты ма,
Төбеден күн қарады.
Абайдың атындағы ақ сарайда
Жеңістің жібек туы нұр жанады!
Ордендері жарасып омырауда,
Жақсы күнмен жалғасып
Көңіл – арна,
Келе жатыр Жеңістің солдаттары,
Қоңыраула!
Дүние,
Қоңыраула,
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter