Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
27.06.2022
289
ТҰСАУКЕСЕР
Жылама сен,
Құлыным,
Анаң жоқта,
Сай-сүйегім сырқырар,
Алаңдатпа.
Жан жапырақ жайғаны сол емес пе,
Ақ бесікте уілдеп балам жатса.
Жылама сен,
Ботам-ау!
Анаң кетсе,
Жайланамын қоңыр жел даламды өпсе.
Өзің бе деп ойлаймын мен шүбəсіз,
Дүбірлетіп бір даңқ маған жетсе.
Жылама сен,
Жылама,
Нəзік балам!
Жырларымды кетейін жазып саған.
Ақын едім барына қанағатшыл,
Аз да болса көңілге азық болған.
Күміс үні – қоңырау,
Күнім балам,
Бермей-ақ қой,
Бермесең тыным маған.
Тербетуден емеспін жалығатын,
Естімесе аңсайды үніңді адам.
Жылама сен,
Құлыным,
Анаң жоқта,
Сай-сүйегім сырқырар,
Алаңдатпа.
Жан жапырақ жайғаны сол емес пе,
Ақ бесікте уілдеп балам жатса!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter