Өлеңдер ✍️

  26.06.2022
  215


Автор: Сергей Есенин

Ақша айырбас жасайтұғын адамға...

Ақша айырбас жасайтұғын адамға
Ағалап кеп мен жалындым бүгінде:
– Қалай айтам хаса сұлу Лалаға
«Сүйем» деген сөзді парсы тілінде!
Ақша айырбас жасайтын бір адамға
Арнап келіп, бүгін тағы жалындым:
– Жеткізеді хаса сұлу Лалаға
«Сүйіс» деген тəтті сөздің мəнін кім?
– Айтшы, – дедім оған тағы, – жан аға,
Қалмай қойды жүрегімде түк шыдам.
Қалай ғана хаса сұлу Лалаға
«Менікісің» деген сөзді ұқтырам!
Айтты делдал сонда мені түсініп:
– Махаббат та тілсіз болар бақыттай,
Тек ол жайлы іштен ғана күрсініп,
Жанар болар екі көзің жақұттай.
Сүйіс деген – білмейді ат, есімді,
Таңба да емес табытқа əкеп тағатын.
Сүйіс деген – гүлдің лебі секілді
Ерініңде рахат исі қалатын.
Махаббатқа болмас ешкім кінə артар,
Азабы да, бақыты да – ерге сын.
«Менікісің» деген сөзді қол айтар
Аша білген қыз бетінің пердесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу