Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  149


Автор: Сағи Жиенбаев

ҚЫЛЫШ

Қарамай мал мен дәулетке,
Қазына жимай күн үшін,
Бабамыз біздің әулетке
Қалдырған екен қылышын.
Бабамның жалғыз көзіндей,
Төрімде сақтап келем мен...
Сол қылыш қарттың өзіндей,
Қарайды күнде төбемнен.
-Сен өзің сертке берік пе ең,
Берік те болсаң, ұмытпа.
Жаныңды суырып беріп кел,-
Жалған сөз үйге жуытпа.
Әулие бол сен,
басқа бол,
Басыңды бекер жерге име.
Қаңғырып кет те, аштан өл,-
Ала жіп аттап, келме үйге.
Қонағың жақсын, жақпасын,
Қабағың шытып, кірбиме.
Өзгелер сені-ақ даттасын,
Өзгені даттап, кірме үйге.
Тиді ме желі әруақтың,
Тарттың ба туған қаныңа,
Қасиетті қара шаңырақтың
Тимесін ешкім арыңа.
Тайғанап кетсең, бірақ та,
Түсте де қара, жасылды.
Суырылып шығып қынаптан,
Өзім-ақ шабам басыңды!...
Тайғам жоқ мен де салтымнан,
Жиғам жоқ мал да, ырыс та...
Атама берген антымдай,
Қараймын осы қылышқа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу