Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  173


Автор: Сағи Жиенбаев

ОҚЖЕТПЕС

Еркеш Ибраһимге
Басында биік-биік шың ағарып,
Бауырында сыңғыр-сыңғыр бұлақ ағып,
Бүкіл тау қоршайды екен Оқжетпесті
Шаншылып,
жан-жағынан тұра қалып.
Жібермей жел ызыңын, күн аптабын,
Сергітіп,
сеуіп-шашып бұлақтарын,
Барлығы күтеді екен Оқжетпесті
Жанына жайып салып құрақтарын.
Жүрсем де шыр айналып, күнде көріп
Қараймын ай астында,
түнде келіп.
Тұрады ол ақ жұлдыздар арасында
Құбылып–
бір қызарып,
бір көгеріп.
Мөлдіреп ортасында көлдерінің,
Жүрегін елжіретіп жердегінің,
Көргендер–
көңіл кірін жуып-шайып,
Бір сәтке ұмытардай пенделігін.
Кей кезде –ақ сәулеге шағылысып,
Бойынан от домалап, жалын ұшып,
Тұрады таң алдында жалғыз өзі
Көл бұғып,
орман шөгіп
тау ығысып.
Жүргенде жердегілер түрткілесіп,
Керіліп,
бір-бірімен иық тіресіп,
Тұрады ол кербез күліп
көкке қарап,
Балбырап,
белуардан бұлтты кешіп.
Қайтсін ол–
көк тұрғанда, жерге қарап,
Баяғы көрген адам,
көрген алап.
Оқжетпес қасиетін ұқса болды
Жүргендер тоғай кезіп,
көл жағалап.
Неғылсын–
малынып тұр тауы сыңсып.
Төгіліп орманының жалы сусып.
Сезеді ол–
қыран қонар қиясында
Жүргенін ұшып-қонып сарышымшық.
Ол оған бүгілмейді,
түйілмейді,
Бәрібір күйін мейлі,
сүйін мейлі.
Басынын не өткізбеген Оқжетпес ол,
Ешкімге аласарып,
иілмейді.
Оқжетпес–
кімге жетер,
кімге жетпес,
Бір соқпай Оқжетпеске,
күн де кетпес...
Не жетсін –
ынтызар боп өтсең-дағы
Барына дүниеде бір Оқжетпес....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу