Өлеңдер ✍️
Жер үстінде көп екен ғой мақұлық...
Жер үстінде көп екен ғой мақұлық,
Тор ішінде талайы тұр аһ ұрып.
Күдірейген көкжал да жүр кәдімгі,
Атышулы арыстан жүр ақырып.
Бір жас жігіт аралатып барлығын,
Атын айтып,
сипаттап жүр әрбірін,
Біреулердің пасықтығын, аңдығын,
Біреулердің мықтылығын, паңдығын.
Таңғалдырып,
тамсандырып бұл бізді,
Талай-талай тар үңгірге кіргізді.
Басқалардан оңашарақ тордағы,
Маймылдардың қасына әкеп тұрғызды.
–Мына маймыл–шыр айналып
жүгірген,
Үсті-басы бұтақ жырып тілінген,–
Осылардың ішіндегі әккісі,
Ерте келіп,кештеу көзге ілінген.
Қалғандары болбыраған жас әлі,
Мынау талай үлкендігін жасады.
Маңайына жуып кетсе,
барлығы
Жан ұшырып, жер түбіне қашады.
Істемейтін бәлесі жоқ мынаның,
Соның бәрі қай жерінен шығарын,
Әнеугүні басын сипап отырып,
Біреуінің қыршып апты құлағын.
Өзі қортық болғанымен,
қолы ұзын,
Қолы ұзынның
белгілі ғой–жолы ұзын.
Қағып салып отырады не берсең,
Талғамайды арығы мен семізін.
Жей берсін-ау,
жүрсе екен-ау жай қарап,
Жүреді ылғи дау-дамайды қайдалап,
Бәрінің де өз торы бар
бұл шіркін
Барлығын да жалғыз өзі жайламақ...
Тамағы тоқ,
тамаша бау-бақша бар,
Ештеңе жоқ таласардай тап солар.
Маймыл болып жүргендегі түрі осы,
Адам болса қайтер еді, пәтшағар?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter