Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
22.06.2022
178
СӨЗ БЕ ЕКЕН
Би де билеп, ән де шырқап береміз,
Бізбен мынау соғып тұрған жел егіз.
Біз де тынбай жүгіреміз, өйткені,
Бұл дүниеде жоқты қуып келеміз.
Осылай-ақ өткіземіз өмірді,
Қой қайтарып, баптамай-ақ егінді.
Баспана жоқ–өлген жоқпыз бірақ та,
Өкінбейміз, соның өзі-ақ көңілді.
Кеудемізде лапылдаған оттар жоқ,
Бірақ би мен ән дегенде тоқтау жоқ.
Іліп алар түгіміз жоқ біздердің,
Жоқ нәрсеге ешқашан да сот та жоқ.
Арман деген біз көтерер жүк емес,
Бақыт пенен байлық деген құр елес.
Әндетеміз ажал келіп тұрса да,
Соның өзі біздер үшін түк емес!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter