Өлеңдер ✍️
ӘН
...Түйілген бейжай тыныштық,
Тоқтаған шаңғыт шабуыл.
Сан күнгі сойқан ұрыстың
Саябыр тапқан шағы бір.
Көктемнің майса желегі,
Түтіндеп жатыр жондарда...
Көтеріп әрең денені,
Келеміз қалың орманда.
Тұра алмай жатыр онда да,
Тапталып қалған сәби бақ.
Сескенер емес сонда да,
Соғысты қайтсін табиғат?!
Тастасын мейлі, мың бұтап,
Тоқтатып қалар кім оны?
Өртеніп жатса бір бұтақ,
Жапырақ жайған біреуі.
Қара құрт құсап өткен сел,
Қанатын қиып, жайпаған,
Кешегі жанып кеткен шөп,
Келеді көктеп қайтадан.
Бүршігін ашып гүлдер де,
Бір сәтке еркін күйге енген.
Осындай қилы күндерге,
Орманның да еті үйренген.
Маужырап қана тұр бүгін,
Бола ма күнде мұндай сәт.
Бұрынғы бейбіт тірлігін,
Сағынған біздей бұл да аңсап.
Дәл қазір мына біздің де,
Кеудеміз күйген ормандай.
Сайлары беттегі іздің де,
Шаңдағы шыққан жолдардай.
Дуылдап қазір от болып,
Салатын кез ғой белде ойнақ.
Көзіміз міне, төрт болып
Келеміз туған елді ойлап.
Туған жер қалды жырақта –
Бүркеніп бұлтты қырлары...
Естілді кенет құлаққа,
Біреудің салған мұңды әні.
Елеңдеп, артқа бұрылып,
Жүгірттік көзді жан-жаққа.
Жанымыз бір сәт жылынып,
Жылжыдық біздер ән жаққа.
Отырған үнсіз күй тыңдап,
Орманның әнші құстары, –
Қанатын қозғап,
шиқылдап,
Қамданып жатыр ұшқалы.
Қадалып жүзіне аспанның,
Шалғынды басқа жамылған;
Әндетіп жатыр жас балғын
Алыстағы елін сағынған.
Қарайтын емес маңына,
Әнімен өзі елжіреп,
Шаққандай мұңын,
жарына
Жете алмай жүрген шер жүрек.
Ұшып кеп сол бір құс аппақ,
Тұрғандай оған көрініп...
Теректі бір-бір құшақтап,
Тыңдадық әнді елігіп.
Егіліп соған мұз дене,
Біздің де баста қалмапты ой.
... Жаным-ау,
мынау – бізбенен
Жауласып жүрген солдат қой.
Ісі жоқ бірақ жауменен,
Тұрғандай оған күліп таң.
Ол қазір тіпті әнменен,
Ажалдың барын да ұмытқан.
Әйтпесе, жаны бар кеудеде,
Атқысы келсе, оқ та әзір.
Оқ ату –
тірі пендеге
Ойында мұның жоқ қазір.
Ол үшін анау Күн де өзге,
Адам да ақ,
әндей аспан да ақ...
Көтерді басын бір кезде,
Көзінен мөлдір жас парлап.
Көрді де кенет «жау» барын,
Қиярдай басын қылыштап,
Тістеніп шайнап бармағын,
Шыңғырды шашын уыстап.
Шашырап көзі шарадан,
Соққандай қапыл дүлейге,
Қаперсіз жатқан жаңағы ән,
Айналды сол шақ үрейге.
Қан кетіп,
жүзі салқындап,
Көшкендей тірлік өңінен.
Аспанға қарап қарқылдап,
Ауаны қармап қолымен.
Өзінен-өзі жиіркеніп
Өзінің қорқып үнінен,
Шегіне берді жер теуіп,
Тұңғиық орман түбіне.
Ішегін тартып сасқандай,
Кетті бір зарлы күй бөлеп.
Шарқ ұрып құстар аспанда
Шырқырап жатты тиме деп.
Кеткендей
соны көргенде,
орманның өзі жынданып.
Өмірге қарап шерменде
Дүние тұрды сұрланып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter