Өлеңдер ✍️
ЖАСТЫҚ ШАҚТАН БІР ЕЛЕС
Бейкүнә момын балғын кез –
Балалық бойдан қалмаған,
Қадалып өткен жаудыр көз
Қайыра жауап алмаған.
Ойыннан өзге жоқ ойда,
Болмаған әлі ес кіріп.
Алаңға шығып, доп ойнап,
Жатамыз күнде кешкілік.
Оранып кешкі күн нұрын,
Ойынды көріп қызығып,
Жетелеп қыздар бір-бірін,
Келеді бізге тізіліп.
Айдында жүрген құстардай,
Тұрамыз қатар дөңгелеп.
Өзіміз бірге ұшқандай
Қалқыған допқа өрмелеп.
Бүлдіршін бала, балғын қыз,
Қосыла қанат қаққанда,
Ұқсайды жерде сан жұлдыз
Секіріп-ойнап жатқанға...
Ұяңдау бір қыз келетін,
Түспейтін онша сөзге ара.
Тек оны жұрттан бөлетін –
Қарақат мөлдір көз ғана.
Көргендей содан оттарды,
Жасқанып әр кез қорғанам,
Өзіне келген доптарды
Жібереді ылғи ол маған.
Тулайды жүрек кеудемде,
Қарамай допқа, көзге де,
Жақындап келе бергенде,
Жіберем қағып өзгеге.
Тұрамын үнсіз қомданып,
Көрмеймін оны анықтап,
Доп оған барса болғаны,
Жетеді маған қалықтап.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter